Ана тілі — халықтың асыл мұрасы, ұлттың бірегей коды, алтын тәжі. Әр халықты бір-бірінен ерекшелейтін қасиеттің бірі — тіл. Сондықтан болашағын ойлаған кез-келген ұлт ана тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, ұрпағының өз тілінде білім алуына, сөйлеуіне жағдай жасауы керек. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беріп, тілді дамытуға қатысты іс-шараларды үзбей қолға алудың түпкі мақсаты да осы.
Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Бұл ғасырлар бойы көз жеткен шындық. Бұған әлемдегі аз халықтардың даму тарихына шолу жасап отырып көз жеткізу қиын емес. Еліктеу мен немқұрайдылықтың нәтижесінде өз ана тілінің інжу-маржандарынан қол үзіп, ұрпағын мәңгүртке айналдырғандар баршылық. Біз сондай ұлттардың қателігінен сабақ алып, қазақ тілінің қағажу көруіне жол бермеуіміз керек.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін бекітетін арнайы заң бар. Жыл сайын Қазақстандағы жергілікті халықтың да үлесі өсіп барады. Бірақ, халық санының көбейгені қазақ тілін тұтынатындар санының өскенін білдірмейді. Бүгінде өзге тілде шүлдірлеп, өз ата-анасының сөзін түсінбейтін ұрпақ өсіп келеді. Баланың орыс тілінде сөйлегені, ағылшын, корей тілін білуі мақтаныш екені шындық. Бірақ, өзге тілді білген ұл-қызымыз өз ана тілінен мақұрым болса — нағыз қорлық.
Біз қазір «Мемлекеттік мекемелер неге мемлекеттік тілде қызмет көрсетпейді?», «Қазақша білмегендерді билікке жолатпау керек» дегенді ел ішінде жиі естиміз. Бұл шындығында дұрыс талап. Мемлекеттің тілін білмегендердің мемлекеттік қызметте жүруі қате. Алайда, осылай талап қойғандардың көпшілігінің ұл-қызы, немересі қазақшаға шорқақ, орысшаға жүйрік келетінін де көріп жүрміз. Осыдан көріп тұрғанымыздай, мемлекеттік тілдің дамымауына ең алдымен отбасындағы тәрбие, жанұядағы сөйлесу тілі айтарлықтай ықпал етеді. Кейбір ата-ана баласымен орысша тілдесуді мақтаныш көреді. Кейбір ата-ана баласының интернеттен не қарайтынынан, ақпаратты қай тілде алатынынан мүлде бейхабар. Көргені өзге елдің түсірілімдері, күні-түні естігені өзге тілдегі ақпараттар болғандықтан бүлдіршіндер өз ана тілінен бұрын, басқа тілді тез меңгеріп кетеді. Осыған орай қазақ тілін отбасы тіліне айналдыру кезек күттірмейді.
Құзырлы орындар да мемлекеттік тілдің мерейін үстем ету үшін бар мүмкіндікті қолға алуда. Соның қатарында қазақстандық сот та бар. Соттардағы шығыс құжаттары толықтай мемлекеттік тілде дайындалады. Кеңсе мамандарының, сот қызметкерлерінің қазақ тілін терең меңгергеніне мән беріледі. Өйткені азаматтар өзіне қажет қызметті мемлекеттік тілде кедергісіз алуы қажет. Сонымен бірге, сот ғимаратындағы құжат үлгілері, түсіндірмелер толықтай мемлекеттік тілде жасалады.
Әрине, сотта қаралатын істердегі мемлекеттік тілдің үлесін арттыру біздің құзырымызда емес. Заңда айшықталғандай, азаматтар сотқа арыз-шағымын қай тілде жазса, сот ісі сол тілде жүргізіледі. Сот тілін өзгертуге судьялардың құзыреті жоқ. Дегенмен, біз өз тарапымыздан азаматтарға жол сілтеп, кеңес беруді парыз деп білеміз. Себебі арызды орыс тілінде жазғанымен, ол тілде ештеңе түсінбей, ойын жеткізе алмай тұрған азаматтардың сот тілін өзгертуге құқығы бар. Олар мұндай қадамға тергеушінің, адвокаттың айтуымен барғанын айтып, ақталып атады. Ал адвокат, тергеушілерге өздері білетін тілде іс жүргізген тиімді. Олар қорғауындағы азаматтың мүмкіндігін ескере бермейді. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында құзырлы орган өкілдерімен кездесу, семинар, тренингтер өткізіп, мемлекеттік тілдің маңызы, қазақша іс қараудың қажеттілігі туралы үнемі айтып, жөн сілтеп келеміз. Тек содан көпшілік сабақ алса, қанеки. Өйткені біз үшін тілді дамытудан жоғары мұрат болмауы керек.
Е.ИЛЬЯСОВ,
Қордай аудандық сотының төрағасы