Еліміздің Төтенше жағдай қызметі құрылымы бірнеше рет өзгерген орган. Аталмыш органның қызметінің саналуандығы мен қоғамымыз үшін өте маңызды екенін ескере отырып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында арнайы олардың қызметіне қатысты тоқталып өткен болатын. «Азаматтарды табиғи құбылыстар мен техногендік сипаттағы апаттардан қорғау мәселесіне баса мән беріледі. Өкінішке қарай, мұндай апаттар біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде жиілеп кетті. Бұл салада кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек» деген еді ел Президенті.
Осыдан соң бұған дейін ішкі істер министрлігіне қарасты болған Төтенше жағдайлар қызметі Төтенше жағдайлар министрлігі болып қайта құрылды. Ведомство құрылымында 25 мың қызметкер жұмыс істейді және еліміздің азаматтық қорғанысын қамтамасыз етеді деп күтілген министрлік қазіргі таңда еліміздегі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бағытында қыруар жұмыстар атқаруда. Күн демей түн демей өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою бағытында үздіксіз қызмет етуде. Төтенше жағдайлар қызметінің қоғамымыз үшін маңыздылығының бір көрінісі олар жылдың төрт мезгілінде де қарап отырмайды. Жыл он екі ай төтенше жағдаймен және оның алдын алумен, салдарымен күресумен айналысады. Оның сыртында мезгіліне қарай түрлі төтенше жағдайлар өршіп кеткен кезде жұмыстары тіпті қауырт. Мәселен кеше ғана Шығыс Қазақстан облысында бір тәулік ішінде 40-тан астам өрт шыққан. Оның ішінде 34 рет дала өрті төтеншеліктердің көмегімен сөндірілген. Бір тәулікте бір ғана облыста қырық шақты өрттің тіркелуінің өзі олардың жұмысының қаншалықты маңыздылығын айқындайды. Шығыс Қазақстан облысы Төтенше Жағдайлар Департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жоғарыдағы қырық шақты өрттің бес жағдайында жалынның шығуының негізгі себебі – халықтың отты абайсызда қолдануынан болған көрінеді. Сондықтан төтеншеліктер халықтан отпен абай болуды ескертеді. Сондай-ақ көп жағдайда өрттің шығуының негізгі себебі — электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау, халықтың табиғат аясына шығуы кезінде өрт қауіпсіздігі шарасын ескермеуі секілді жағдайлар болып жатады екен. Сондықтан төтеншелік мамандар халық арасында ескерту парақшаларын таратып, алдағы күн ыситын уақытта өрт оқиғаларының алдын алуға шақыруда.
«Құрғақ шөптер мен қоқыстарды жағу кезінде абай болыңыз. Ыстық көктемнің басталуымен құрғақ шөп пен қоқысты өртеуден туындайтын өрттер саны өсуде. Өкінішке орай, көптеген азаматтар жеке учаскеде немесе ғимараттың жанында өртті қараусыз қалдырады. Құрғақ, ыстық, желді ауа-райында қоқыс өртемеңіз. Өрттің пайда болуының негізгі себебі халықтың өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтамауы болып отыр. Сондықтан үй жайға жақын маңда қоқыс пен құрғақ шөпті жағуға жол бермеңіз; қоқысты жағу кезінде отты қараусыз қалдырмаңыз; балалардың отпен ойнауына жол бермеңіз; темекі шегу кезінде абай болыңыз» деп ескертуде. Мұндай ескерту қағаздары қазір республика бойынша таратылуда. Енді халық сол ескертулерге құлақ асса төтенше жағдайдың алдын алуға ол да ықпал етер еді. Өртпен күрес кезінде төтеншеліктердің жұмысымен қатар халықтың да өрт қауіпсіздігі жағдайларын сақтауының маңызы зор екенін тәжірибе көрсетіп отыр. Осы орайда төтеншелік мамандар өртпен күрестен бөлек, халық арасында өрт қауіпсіздігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізумен де айналысуда. Атап өтер жайт, құтқарушылар төтенше жағдай кезінде халықты қауіпсіз жерге көшіру, құтқару жұмыстарын да қоса атқарады. Мысалы жақында ғана Ақтөбе облысының Хромтау ауданында өрт сөндірушілер өртеніп жатқанпәтерден 65 жастағы ер адамды құтқарды. Өрт кезінде түтінге уланып, есінен танып қалған пәтер иесін көрген төтеншеліктер дереу көмекке ұмтылған. Құтқарушылар қарияны далаға шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, медициналық қызметке тапсырған соң қария аман қалған. Шыны керек шұғыл жағдайларда мұндай оқиғалар жиі кездесіп жатады. Сондықтан төтеншелік құтқарушылар, өрт сөндірушілер әрқашан барлық жағдайға дайын жүреді. Және мүмкіндігінше халықпен, мемлекеттік органдармен өрт қауіпсіздігінің алдын алу бағытында жұмыстар жүргізеді.
Соның айғағы апта басында Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасында балабақша, мектеп, колледж нысандарының өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша арнайы кеңес өткізді. Жиында елордалық Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының мамандары білім беру мекемелерінің өртке қарсы жағдайлары, төтенше жағдай кезіндегі әрекеті, өрт автоматикасы жүйелерін және өртке қарсы құрал-саймандарды ұстау және техникалық қызмет көрсету тәртібіне, эвакуациялау процесін ұйымдастыру дайындығы секілді мәселелерін пысықтады. Яғни бас қаланың білім беру нысандарындағы қауіпсіздік мәселелеріне, жүйелі тәсілді ұйымдастыру дайындығынан өткізді. Бүгінгі таңда елордалық білім беру жүйесінің 450 қызметкері осындай арнайы оқудан өтіп, төтенше жағдайға дайындығын пысықтауда. Мұның барлығы мемлекет басшысының тапсырмасына сай халықты төтенше жағдайдан қорғау мақсатында қолға алынып отырған шаралар.
Атап өтерлік жайт, төтеншеліктердің қоғамға сай болуы да аса маңызды. Мысалы кеше ғана Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу бойынша жеке құраммен арнайы семинар-кеңесі өткізілді. Бұл жиынға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Кадр саясаты департаментінің Жеке құрам бойынша инспекциясы басқармасының бас маманы азаматтық қорғау полковнигі Руслан Ибрагимұлы Тоқболатов қатысып, Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдық, аумақтық және ведомстволық бағынысты бөлімшелерінің жеке құрамымен кеңесті. Онда азаматтық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлық қылмыстарын болдырмау мәселелері талқыланды. Бұл да болса мемлекет басшысының «бұл салада нағыз кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек» деген тапсырмасына орай, олардың қоғам талабына сай болуы үшін өткізіліп жатқан шаралардың бірі деп айта аламыз.
Осы орайда айта кетер жайт, саланың жағымды имиджін қалыптастыру, болашақ ұрпақты құтқарушы болуға тарту мақсатында да көптеген жұмыстар атқарылуда. Кеше ғана Талдықорған қаласында өткен «Жас құтқарушылар» жасағы мүшелері арасында өткізілген жарыс соның айғағы. Талдықорған қаласы ТЖ басқармасы, Алматы облысының Өрт-құтқару спорты федерациясымен бірлесіп өткізілген бұл шарада төтенше жағдайлар туындаған кезде дұрыс әрекет ету, зардап шеккендерге алғашқы медициналық қызмет көрсету, балалар мен жастар арасында салауатты және қауіпсіз өмір салтын насихаттау, жеке және Ұжымдық қауіпсіздік мәселелеріне саналы және жауапты қатынасты қалыптастыру мәселелері қастылған болатын. Жалпы бұқараның төтенше жағдайдың алдын алуға дайындығын қалыптастыруда, болашақ жас құтқарушылар дайындау, олардың бойында ептілік пен шыдамдылықты дамыту, батылдық пен ерлік қалыптастыруда мұндай шаралардың маңызы зор екені анық. Аталмыш шараға Талдықорған қаласының 18 мектебінің жас құтқарушылары қатысып, төтенше жағдай кезінде қажетті шабуыл сатысымен 2 қабат терезесіне көтерілу, өрт-техникалық жабдықтарды жауынгерлік өрістету, 4х80 метр құрайтын өрт эстафетасы, зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсету секілді шарттармен жарысты. Бұл олардың бойындағы төтенше жағдайға қатысты мінез құлықты қалыптастырар шара екені анық. Жалпы жоғарыдағы мысалдардан төтеншеліктердің қызметінің сан алуан екенін, олардың барлық уақытта сақадай сай жүруі керектігін байқап отырмыз.
Бүгінгі күні мемлекет басшысының тапсырмасымен өткізіліп жатқан бұл шаралардың барлығының елімізде төтенше жағдайлардың алдын алуда маңызы зор екені анық. Демек еліміздегі табиғи және техногенді апаттардың, төетенше жағдайлардың да азая берері анық. Өйткені төтеншеліктердің түрлі бағыттағы кешенді жұмыстарының өз нәтижесін берері ақиқат.
Ерзия ЕРСҰҢҚАР