Санаулы күндерден кейін оқушылар жаңа оқу жылына аяқ баспақ. Осыған орай ата-аналар мектепке дайындыққа қызу кірісіп кетті. Аудан орталығындағы базарлар мен сауда үйлеріне кіре қалсаңыз, баласына мектеп формасын, кітап-дәптерін түгендеп жүрген ата-аналарды кездестіресіз. Осы ретте біз де биылғы оқу құралдарының бағасын бағамдап, бір оқушыны мектепке дайындауға қанша қаражат жұмсалатынын саралап көрдік.
Ең алдымен оқу құралдарынан бастасақ. Аудан орталығындағы дүкен сөрелерінде 12 беттік дәптердің орташа бағасы 45 тг, күнделік 650 тг, қаламсап 20-150 тг, түрлі түсті қарындаштар жинағы 400-2000 тг аралығында, «Әліппе» 1200 теңгеден деп тұр. Ал мектеп киіміне келетін болсақ, қыздарға арналған ақ көйлектердің бағасы 4000-8000 тг, белдемшелер 2500-12000тг аралығында, ұлдардың ақ жейдесі 4000-6000тг, костюм-шалбар 12-15 мың, бөлек шалбарлар 4000тг, сөмкелер 4000-10000тг шамасында. Бұл тек негізгілері ғана. Оған ұсақ-түйек керек заттарды, күздік жылы киімдерін қоссаңыз ата-аналардың қалтасына әжептеуір салмақ түсері сөзсіз.
Күні кеше әлеуметтік желіде бір Алматы тұрғыны екінші сыныпқа баратын ұлын мектепке дайындау үшін қанша теңге жұмсағаны туралы видео жүктеп, ол желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Қала тұрғыны баласын «барахолка» базарынан киіндірген. Ол мұнда костюм, шалбар, кеудеше үштігінен тұратын мектеп формасын 19 мың теңгеге, аяқ киімді 8 мың теңгеге, үш ақ көлек пен майканы 16 мыңға, дене шынықтыру сабағына киетін аяқ киімді 7 мыңға, спорт киімін 10 мыңға, иыққапты 8 мыңға алған екен. Оған қоса, оқу құралдарын алып, барлығына 86 мың теңге кеткенін айтады. Желі қолданушылары «егер бірнеше баланы киіндіру керек болса бұдан екі-үш есе қымбат шығады», «сапалы киімдер алатын болсаңыз, одан да көп кетеді» деген пікірлер қалдыруда.
Ал Қордай ауылының тұрғыны Анна биыл алғаш мектеп табалдырығын аттағалы отырған ұлын киіндіруге Қырғызстандағы «Дордой» базарына барған. «Мектеп формасы, сөмке, т.б. қажетті киімдерді алғанға барлығы 10 мың сом (57800теңге) кетті. Енді аяқ киім және оқу құралдарын алу қалды. Мен сапалы киімдерді таңдадым, егер үнемдегіңіз келсе бұдан да арзанға табуға болады»,-дейді Анна.
«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ
Байқағанымыз, мектепке қажетті тауарлар өткен жылмен салыстырғанда біраз қымбаттаған. Арзан заттардың сапасы бағасына сай екендігін ескерсек, жыл бойы кигенге жарамайтыны анық. Ал ата-аналар әр перзентін бағасы шарықтап тұрған сапалы киімдермен қамтуға қауқарсыз. Осы орайда табысы аз отбасыларға қолдау болатын дәстүрлі «Мектепке жол» акциясының маңызы зор. Аз қамтылған, көпбалалы, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету мақсатындағы қайырымдылық шара биыл «Мектепке жол – шекарасыз жақсылық» ұранымен өтуде. Акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады. «Әрбір мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың атаулы, жеке тізімдері жасалған. Білім беру ұйымдарында «жедел желі» үздіксіз жұмысы ұйымдастырылған. Қиын өмірлік жағдайға тап болған барлық бала мен ата-ана көмек сұрай алады. Өз кезегінде бей-жай қарамайтын азаматтар, кәсіпкерлер, меценаттар акцияға қосылып, мұқтаж жандарға қол ұшын соза алады»,-дейді аудандық білім бөлімінің өкілдері. Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясына қатысу үшін Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қордай ауданы білім бөлімінің жауапты маманы Айгүл Нұрахметоваға хабарласу қажет. Байланыс нөмірі 8 778 506 66 81.
ФОРМА БІРЫҢҒАЙ БОЛМАҚ
Мектеп жасындағы баласы бар ата-ананың тағы бір бас ауруы – мектеп формасы. Осы мәселе төңірегіндегі дау жылда қайталанып, әлі күнге тыйылмай келеді. Қолданыстағы бұйрық бойынша әр мектеп қамқоршылық кенестің мақұлдауымен форманың түсі мен фасонын өз бетінше таңдайды. Кейбір өңірлерде мектеп басшылығы белгілі бір кәсіпкермен келісіп, ата-аналар форманы тек сол кәсіпкерден алатындай етіп, істі өз пайдасына шешетін көрінеді. Осыған байланысты ата-аналардың шағымдары көбейген. Оның үстіне балаңызды басқа мектепке ауыстыратын болсаңыз, қайтадан басқа форма алуға тура келеді. Бұл өте ыңғайсыз екендігі рас. Жуырда ғана ҚР оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектеп формасына қатысты жаңа шешім қабылданғанын айтқан еді. Министрдің сөзінше, келесі жылдан бастап әр өңірге бірыңғай мектеп формасы енгізілетін болады.