Редактор бағаны
Жарқын болашаққа зор үмітпен…
Биыл ауданның бас басылымының жарық көргеніне 88 жыл толады. Бұл аз уақыт емес. Осы аралықта «Қордай шамшырағының» беделі артып, оқырмандардың сүйіспеншілігіне ие болды. Мұның арғы жағында білікті мамандардың еңбегі жатыр. О.Тоқтағұлов, Ө.Алтынбаев, Е.Нысанов, Б.Омарходжаев, Б.Сақауов, С.Керімбаев, А.Андреев, Ж.Көпбаев, М.Боқаев, Ж.Сатаев, В.Бочков, Қ.Мақаметжанов, А.Қуандықов, Н.Дәутаев, Ғ.Қасабаев, Қ.Әлімжан, Л.Досымбекова сынды журналистика саласының майталмандары ұзақ жылдар бойы газеттің өзіндік стилін қалыптастыру үшін аянбай еңбек етті. Біз басылымның іргетасын қалаған азаматтарды мақтан тұтамыз, олардың есімдері газет беттерінде ғана емес, жалпы аудан тарихынан ойып тұрып орын алды.
Біздің алдымызда аға буынның бізге қалдырған мұрасын арттырып, аудандық басылымның дамуына үлес қосу міндеті тұр.
Газеттің алғашқы нөмірлерін жасаған жандардың еңбегінің бүгінгі тілшілердің жұмысынан көп айырмасы жоқ. «Бригада» газетінің бірінші саны мен кеше жарық көрген «Қордай шамшырағының» міндеті бір – оқырман мүддесіне қызмет ету.
Газетті әр отбасы асыға күтеді, сіздердің бізге сенім білдіргендеріңіз біз үшін мақтаныш, сонымен бірге үлкен жауапкершілік.
Бүгін «Шамшырақ» тілшілерінің алдына қойылған міндеттің жүгі ауыр, себебі олар кезекті шығарылымға ғана емес, бүкіл ауданның ақпараттық кеңестігіне жауапты.
Ұсынылған мақалалардың сапасымен қатар, біз тақырыптың өзекті болуына тырысамыз. Басылым тілшілері газетпен қатар телеарнаға арналған жаңалықтарды әзірлеуге қатысады. Ауданымыз жайлы түсірілген әрбір бейнесюжет пен бейнебаян аудандық басылымның шығармашылық ұжымы даярлаған өнім. Сондай-ақ интернет-кеңестігінен орын алу үшін де ауқымды жұмыс атқарылады. Редакцияның әр қызметкері уақытпен санаспай күні-түні жұмыс жасайды. Шұғыл шығарылым, түнгі рейд, оқиға орнынан дайындалған репортаж, мәтінді шұғыл аудару, оған түзету енгізу сынды түн ортасына дейін жалғасатын жұмыс ұжымымызды шыңдап, бірлігіміздің артуына, ақпараттың сапалы болуына септігін тигізіп келеді. Кейде уақыт біз үшін өзгеше жүретін сыңайлы. Газет қызметкерлері шығарылымнан шығарылымға бағдар алып, аптаны жарық көрген газет санымен санаса, жылды соңғы шығарылыммен аяқтайды. Бұл біздің жұмыстың бір ерекшілігі. Күтпеген жерге келіп, бейтаныс жанды әңгімеге тарту оңай шаруа емес. Дегенмен журналистер діттеген ісін қашан да соңына жеткізеді. Біздің сіздермен бірге алатын асуымыз, жететін белесеміз әлі де алда. Біздің әрбір жетістігіміз – оқырманның қолдаудың нәтижесі. Алдыңғы буын салып кеткен сара жолды абыроймен жалғастыратынымызға сенеміз. «Қордай шамшырағы» атты ғажап әлемнің бір бөлігі болу мен үшін зор бақыт.