1976 жылдың наурыз айында аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің редакциясына жұмысқа шақырылдым. Ол кезде қазіргідей ұялы байланыс түгілі жай телефонның өзі колхоздың кеңсесінде ғана. Хабар поштамен келді: «Құрманбек! Осы хатты алысымен, дүйсенбіден қалмай кел. Сенің қызметің жайлы мәселе түпкілікті шешілді. Мен саған бұл хатты Андреев, Көпбаев жолдастардың тапсыруымен жазып отырмын. Сәлеммен ағаң Мақан Боқаев»(бұл хат менде әлі күнге дейін сақтаулы).
Сөйтіп, колхозда жыл он екі айда бір саябыр таппайтын сан-салалы жұмыстардан босап, қызығы да, қиындығы да мол мүлде басқа өмірге «күмп» етіп қойдым да кеттім. Сірә, бұл мектеп жасынан өлең, әңгімелер жазуға құнығып, олардың біразы газетте жарияланып жатуының арқасы болар. Газетші ағалар да «әй, осыдан түбі бірдеме шығар» деп ойласа керек, маған бос тұрған аудармашы қызметін ұсынды. Бірақ, өз жаныңнан шығарма жазу бір бөлек те, орыс тіліндегі мәтіндерді қазақшаға аудару мүлде басқа шаруа екен. Таза қазақ ауылында өскен менің орысшам болса саяз, әр сөздің мағынасын сөздіктен тірнектеп іздеп отыруды уақыт көтермейді. Соны сезген редакция басшылығы маған жарты жалақымен үш ай сынақ мерзімін белгіледі. Бастапқыда аударып үйренуге шағын хабарларды ғана беріп, көлемді дүниелерді өздеріне алып жатты. Академик Нығмет Сауранбаевтың басшылығымен жарық көрген қалыңдығы кереқарыс «Орысша — қазақша сөздікті» күні-түні қолдан түсірмей, жата жастана жүріп аударма жасауыма тура келді. Редактордың орынбасары Жапар Көпбаевтың, бөлім басшысы Мақан Боқаевтың және жауапты хатшы Несіпбек Дәутайұлының жұмыс істеу тәсіліне зер салдым. Олар көлемі көлдей орысша мәтіндерді кезек-кезек мәшіңкеге отырып әп-сәтте қазақша айтып шығады. Мәшіңкеші Бибігүлдің саусақтары көз ілеспес жылдамдықпен ауыздан шыққан сөзді қағып алып тақылдатып қағазға түсіре қояды. Мұны «диктовка» дейді екен. Өзім де намысқа тырыстым-ақ. Қысқасы бұл екі-үш айда «Қордай шамшырағының» тәжірибе мектебінен өтіп газет жұмысында қалдым ақыры. Журналистика әлемінің табалдырығынан имене аттаған сол күндері алақан жылуын аямаған үш майдангер, үш бәйтерек аяулы ағаларым жайлы қай кезде де ризашылықпен айтып жүру парызым.