АҒЫМДАҒЫ ЖЫЛДЫҢ 6 АЙЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ

0

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ағымдағы жылдың 6 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу нәтижелері қаралды.

Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин экономикадағы қазіргі ахуал туралы баяндама жасады. Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов фискалдық және ақша-несие саясатын іске асыру туралы, республикалық бюджеттің атқарылуы туралы қаржы министрі Мәди Тәкиев баяндады. Сондай-ақ өнеркәсіп және құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік, сауда және интеграция, энергетика, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлерінің және бірқатар өңір әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.

Үкімет отырысынан кейін Үкімет басшылығы журналистермен брифинг өткізді. Сұрақтарға Премьер-министрден бастап 4 вице-премьер жауап берді.

Солардың бірі Қанат Бозымбаевқа БАҚ өкілдері өңірлерді инфрақұрылымдармен қамту туралы сұрақ қойған болатын.

«Бұл мәселе біздің назарымызда. Бірінші кезекте инфрақұрылымға қол жеткізудегі өңіраралық айырмашылықтарды жою, экономикалық өсуді жеделдетуе және аумақтық әлеуетті тиімді іске асыру мақсатында Үкімет таяуда ғана Қазақстан Республикасын өңірлік дамытудың жаңа 2025-2030 жылдарға арналған Тұжырымдамасын бекітті. Ондағы негізгі қағида — адам игілігіне бағдарлану, тұтастық, инклюзивтік, сараланған тәсіл, дербестік, жауапкершілік. Өңірлердің жай-күйі мен даму перспективаларын кешенді бағалау, қалыптастыру және Тұжырымдаманың негізгі бір бағыты — халықты базалық инфрақұрылыммен біркелкі қамтамасыз ету. Осы бағыт шеңберінде әлеуметтік-инженерлік объектілерге қол жеткізудегі диспропорцияларды жоюға ерекше назар аударылып отыр. Артта қалған аймақтарға өңірлік стандарттар жүйесі арқылы келесі жылдан бастап қаржыландыруда басымдық берілетін болады. Бұл шалғай аудандардағы ауылдық жерлердің өмір сүру сапасын едәуір жақсартады. Бұл экономикалық саясаттың жаңа бастамасы. Мұндағы мәселелер бір жүйеге келтірілуде. Республикалық бюджеттен тек осы мақсаттарға жергілікті бюджеттерге трансферттер жіберілетін болады», — деді Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, қолжетімді интернет байланыс саласындағы Ұлттық жоба шеңберінде қамтамасыз етілетін болады. 3000-нан астам ауыл шыны-талшықты желіге қосылмақ. Жүз мың шақырымнан астам шыны-талшықты желі салынбақ. Қырық мың шақырымнан астам автомобиль жолдарының бойы да кең жолақты байланыс жабынымен қамтылмақ. Республикалық маңызы бар ірі қалалар мен облыс орталықтары 5G технологиясына қосылмақ. 1000-нан астам ауыл 3G-дан 4G мобильді технологиясына көшеді. Шалғайдағы 504 елді мекен интернет желісіне спутниктік жүйелер арқылы қосылмақ.

Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте журналистердің бірі несие пайызының неге жоғары екеніне қатысты сұрақ қойды. Оған экономика саласына жауапты вице-премьер Серік Жұманғарин жауап берді.

«Ешқандай жасыратыны жоқ, Үкіметтің мақсаты – экономикалық өсім. Ол 6-7% көлемінде. Ал Ұлттық банктің мақсаты – инфляцияны тежеу. Оны 5% шамасында ұстап тұру. Кейбір кезде осы екі саясат бір-біріне қайшы келіп жатады. Таяуда базалық мөлшерлеме көтерілді. 16 жарым пайыз боп белгіленді. Сол себепті нақты секторға кредиттердің берілуі шамалы қиындап жатыр. Өйткені, 20-22%-бен бір бизнес жобаны көтеру өте қиын. Бірақ тұтынушы секторға ешқандай әсер етіп жатқан жоқ. Сондықтан да Үкімет шешім қабылдады. Оны жаңа Олжас Абайұлының өзі де атап өтті. Біз даму институттарымызды одан әрі дамытқалы отырмыз. Мәселен, бас даму институтымыз «Бәйтерек» ұлттық холдингіне ақша құйып жатырмыз. Биыл 1 трлн теңге бөлінді. Ол бізге ішкі-сыртқы нарықтардан тағы да қосымша 7 трлн теңге тартуға мүмкіндік береді. Осылайша қаражат көлемі 8 трлн теңгеге жетеді. Оның 4 трлн-ы теңгемен 12,6%-бен беріледі. Ол негізінен экспорттық жобаларға жұмсалады. Бұл өз кезегінде біздің Ішкі жалпы өнімнің 1,3%-ға өсуіне әсер етпек. Осы жұмыстарды тұрақты жалғастыра отыра инфляцияны 8-10% көлемінде және одан төмен деңгейде тұрақтандыру мақсатымыз бар. Сол кезде, менің ойымша, Ұлттық банк те базалық мөлшерлемені төмендету бағытында қайта қарайтын болады деп сенеміз», — деді ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.