Ақ бұлақ сүт иісі аңқыған мекен

0

Бүгінгі таңда істің қиюын келтіріп, әр салада өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандар аз емес. Жақсының аты жария болатыны рас қой. Бүгінгі кейіпкерлеріміз де тынымсыз еңбектеніп, қажырлы ынта-жігерімен көпшілікке үлгі бола білген жайсаң жандар Қақпатас ауылындағы «ҚақпатасҚордай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сауыншы қызметкерлері жайында әңгімелекпіз.

Біз сөз етпек болған серіктестік негізіндемүйізді ірі қарамалын өсіріп, көбейтумен айналысады. Үлкен аумақты алып жатқан агроқұрылымның қора-жайы бірнеше сарайға бөлінген. Серіктестік мал азығын өз жерлерінен дайындайды. Осыған сәйкес, өзіне тиесілі егістік және жайылымдық жерлері бар. Жұмысшыларының дені сол ауылдың тұрғындары. Олардың аталған агроқұрылымнан нәпақа тауып, отбасын асырап отырған жайы бар. Ол да болса қарапайым тұрғындар үшін үлкен көмек. Адам бойындағы жақсы қасиеттер оның еңбекке, ізденіске құлшысының негізінде қалыптасады емеспе?! Еңбекті сүйген адамның қашанда мәртебесі биік болады. Сондықтан әрбір істі шын жүрегімен жасай білген жанның абыройы асқақтап, беделі арта түсетіні сөзсіз. Жұмысты ауыр-жеңіл деп бөліп қарамайтын, таң азаннан ел-халықтың игілігі мен тұрғындардың табиғи өнімді тұтынуы үшін еңбекке кірісетін нәзік жандылар Қақпатас ауылының тұрғындары Зульфия Бекназарова мен Жансұлу Ұзақованы айтуға болады. Дәлірек айтқанда, отбасында ардақты келін, аяулы жар, алты баланың анасы кейіпкеріміз Зульфия Бейсенбайқызы аталмыш құрылымға 2017 жылы сауыншы қызметіне орналасқанын айтса, ал бір ұл екі қыздың анасы Жансұлу Исақызы 2009 жылдан бері сауыншы қызметін атқарып келе жатқанын алға тартады. Адам өмірін мәнді де мағыналы ететін – еңбек. Сол себепті кез келген кісіге абырой еңбекпен, маңдай термен келеді. Әр саланың өз қиындығы, машақаты бар. Оны еңбегін сіңірген адам ғана түсінеді. Зульфия Бейсенбайқызының айтуынша, аталған құрылым шикі күйінде жиналған сүтті Алматы қаласында орналасқан

«Райымбек Агро» сүт өнімдерін шығаратын зауытына жеткізіп тұрады екен. Сонымен қатар, сүт сауу жұмыстары толығымен заманауи технологияның көмегімен атқарылуда. Нақтылап өтсек, қорадан айдап әкелінген сиырлар біртіндеп жерден бір-екі метрдей биіктіктегі үлкен айналма шарбаққа өтеді де, бөлініп қойған бір-бір орынға тұра қалады. Төменде жүрген сауыншылар таза майлықтармен сиырлардың желінін сүртіп, сүт сауу аппараттарын кигізіп, іске қосады. Сүт құбырларымен ақ бұлақ аға бастайды. «Қазір күніне жүзге жуық ірі қара малы сауылады. Бір сиыр тәулігіне екі жолы сауылып, шамамен 15-16 литр мөлшерде сүт алынады. Біздің жұмысқа өте мұқият қарау керек. Жұмыс таңғы төртте басталып, әркім өз жұмысына кіріседі. Мысалы, біз сауынды сиырларын сауып, сүтті жинап, өткізуге дайындап қоямыз. Бұл жерде сауынды сиырлар қолмен емес, арнайы аппаратпен сауылады. Ал, бұзауларды қарайтын жұмысшылар бөлек»,-дейді құрылым қызметкері Жансұлу Исақызы. Бүгінгі уақыт ағысында қазіргі қазақ қыздарына үлгі қылар өткен толқынның арасынан еңбек иесін насихаттау кемшін түсіп жатқан жайы бар. Ерен еңбек иелерін үлгі етсек, қазақ қыздарының қайсарлығына, еңбекқорлығы мен шыдамдылығына қарап бүгінгі қызғалдақтарымыз бой түзеп өсері белгілі. Әрбір науқандық жұмыстың жүзеге асырылуынан рахат тапқан серіктестік басшысы мен қызметкерлерінің еселі еңбегіне табыс тіледік!

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.