«АҚБОТА» БРЕНДКЕ АЙНАЛАДЫ ДЕП СЕНЕМІЗ!

0

20 ғасырдың басында Германияда сулы-дисперсиялық бояу ойлап табылғалы бері қаншама уақыт өтсе де, бұл бояу әдісі әлі де қолданылып келеді. Әрқайсысымыз үйімізде жөндеу жұмысын жүргізгенде қабырғаны міндетті түрде сулы-дисперсиялық бояумен сырлаймыз. Демек, бұл бояуға деген сұраныс қашанда жоғары. Осыны ескерген қордайлық кәсіпкер Зарина Мендебаева жақында сулы-дисперсиялық бояу цехын ашты. Мұндай цех аудандағы алғашқы өндіріс орны десек қателеспейміз.

Жалпы, осындай цех ашуды Зарина Мендебаеваның інісінің жақын досы Марлен Сүлейменовтың ойына келген болатын. Ол арнайы миксер, өзге де қондырғыларды, бояуға қажетті қоспаларды сатып алып, цех ашпақшы болған. Өкінішке орай, Марлен Сүлейменов дүниеден озып, арманын іске асыра алмай кетеді. Алайда, оның жолдасы Қанат Мендебаев бұл істі жалғастыруға ниеттеніп, әпкесі екеуі цехты ашып, бүгінде Қордайдағы құрылыс дүкендеріне алғашқы өнімді шығарды.

Бұл цехте сулы-дисперсиялық бояудың бірнеше түрі шығарылады. Біріншісі сүртуге болатын, екіншісі жууға болатын және сырты фасадқа арналған бояулар, сонымен қатар бояудың алдын қабырғаны өндейтін «грунтовка». Бояуды жасау арнайы рецепт бойынша жасалынады, әр қоспа өлшеніп, белгіленген мөлшерде қосылады. Ең негізгісі микрокальцидті су болса, кейіннен көбік кетіргіш, нитрозол, биоцид, акварель сынды коспалар үлкен миксерге қосылып, араластырылады. Осыдан кейін дайын өнім арнайы ыдыстарға құйылады. Шелектер 7, 15 және 25 литрлік болып келеді. Байқағанымыз – бояуды жасау өте күрделі процесс екен. Жұмысшылар химиялық қоспалардан сақтану үшін денені түгелдей жабатын арнайы киім киеді, кейін жұмыс процесі басталады.

— Біз ісімізді енді бастадық. Әзірше цехте екі жұмысшы еңбектенеді. Олар күндіз өздерінің жұмысында, кешкісін осы цехке келіп қосымша тағы жұмыс істейді. Өзге сулы-дисперсиялық бояуларға қарағанда біздің өніміміздің бағасы төмендеу. Тұтынушыларымыз сапасы жақсы деп айтады. Өнімді қордайлық дүкендерге өткіземіз, сонымен қатар _emulsia_kordai атты insta парақшамыз арқылы тапсырыстар қабылдаймыз. Әрине, кәсібіміздің өрісін кеңейтсек деген ниетіміз бар. Себебі, сұраныс жоғары. Осы орайда кәсіпкерлікті қолдайтын мемлекеттік бағадарламаларға қатыссақ деген ойымыз да бар, — дейді Зарина Мендебаева.

«Ақбота» брэндімен шығатын сулы-дисперсиялық бояулардың бағасы ыдысына, көлеміне, түріне байланысты 900 теңгеден бастап 5000 теңгеге дейін барады. Сонымен қатар, тапсырыс берушілер өзінің ыдысымен келіп, бояуды құдырып ала алады екен, оның бағасы төмендеу болады. Қазіргі уақытта цехте тәулігіне 1000 тонна бояу өндіріледі, алайда сұраныс артса, мұнда тәулігіне 5000 тонна сулы-дисперсиялық бояу шығаруға қауқарлы.

Осы ретте, егер де үйдегі жөндеу жұмысын жүргізетін болсаңыз, қордайлық «Ақбота» бояуын қолданып, жергілікті өндірісті қолдайық!

 Еркін ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.