Қоғам тыныштығы мен ұрпақ тәрбиесі – ел болашағының іргетасы. Осы бағытта ел ішінде беделі биік, сөзі өтімді, көрегендігімен танылған тұлғалардың басын қосатын Ақсақалдар кеңесінің қоғамдық-саяси өмірдегі орны ерекше. Бұл бастамаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де баса назар аударып, әр өңірде ардагерлер ұйымымен қатар, Ақсақалдар кеңестерін құру қажеттігін атап өткен еді.
Осыған орай, жұма күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қордай ауданы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар және Аналар кеңесінің кеңейтілген алғашқы отырысы өтті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай ашып, күн тәртібіндегі маңызды мәселелерге тоқталды. Жиынға кеңес мүшелерімен қатар, ауылдық округ әкімдері мен БАҚ өкілдері де қатысты.
Алқалы басқосудың алғашқы мәселесі – кеңес төрағалары мен төрайымдарын сайлау болды. Ашық дауыс беру нәтижесінде аудандық кеңесінің төрағасы болып Сатпек Саламатов сайланса, Аналар кеңесінің төрайымы қызметіне Қарлығаш Қыпшақбаева лайық деп танылды. Сондай-ақ, отырыс барысында кеңес құрамы бекітіліп, алдағы уақытқа жоспарланған бағыт-бағдар нақтыланды.
Кеңестің кезекті мәселесі – салт-дәстүрге сай той мәдениетін қалыптастыруға арналды. Бұл жөнінде сөз алған Қордай аудандық Мәдениет үйінің директоры Мақсат Балмұханбетов халықтық дәстүрдің қазіргі қоғамдағы рөліне тоқталып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолындағы ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Отырысты қорытындылаған Дамира Маратқызы жаңадан құрылған кеңестерге зор сенім артатынын білдіріп, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде, ел бірлігін сақтауда Ақсақалдар мен Аналар кеңесі белсенділік танытады, деген үмітін жеткізді. Сонымен қатар, жаңадан сайланған төраға мен төрайымға 2025 жылға арналған іс-шаралар жоспарын сапалы әрі жүйелі түрде жүзеге асыруды тапсырды.