«АҢДАП БАСПАҒАН – АРЫҚҚА ҚҰЛАЙДЫ!»

0

Бірер күн бұрын Қордай ауылының Төле би көшесінде орын алған келеңсіз жағдай көптеген адамдарды әбігерге салғаны рас. Көшедегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған кадрлар, бір қарағанда, күлкілі болып көрінгенімен, өткір проблема болып табылатыны сөзсіз. Бұл жайында біздің газетіміз бірнеше мәрте жазған да. Мәселен, газеттің әлеуметтік желідегі парақшасында өткен жылдың 22 қыркүйегінде де осы мәселені көтерген едік.  

Бейнекамера кадрлары әлеуметтік желіде жарияланған сәтте жүздеген қордайлықтар пікірлерін жазып, шағым қалдырып, редакцияға хабарласты. Видеода көрсетілгендей, көшені басқан шалшық судан қашамыз деп, бірден арыққа құлап жатыр. Қар еріп, жауын-шашын жауған сайын көшенің осы бөлігі көл болып толып кетеді. Алаңдаған ауылдастар пікірлерін қарша жаудырды, абырой болғанда ешкім ауыр жарақат алған жоқ.

Сол күні, 13 ақпанда, Қордай ауылдық округінің аппараты тарапынан шалшық суды сорып алу және арық тазалау жұмыстары ұйымдастырылды. Әлеуметтік желілер арқылы ресми жауап та жарияланды: «Қордай ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлерімен ағымдағы жылдың 13 ақпанында қардың еруі мен жауын-шашынның көп түсу салдарынан Төле би көшесінде ағынды сулардың көп жиналуы пайда болған орындарды арнайы техникамен тарттырып, бүгін сол арықтардың іші тазаланды. Аталған жұмыстар, яғни қар, жауын-шашын суларын тарттыру айына бір рет, арықтарды тазалау жұмыстары күнделікті жұмыс кестесіне сәйкес жүргізілуде және тұрақты бақылауға алынған.

Көп жағдайда мұндай келеңсіз жағдайлардың орын алуы жеке кәсіпкерлердің сауда нүктелерін салу кезінде сәулет және құрылыс нормаларын өрескел бұзуына, атап айтқанда «қызыл сызықтың» шекараларын бұзуынан пайда болған.

2024 жылға Қордай ауылының Төле би көшесін абаттандыру және арық жүйесін жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бүгінгі таңда жоба мемлекеттік сараптамаға тапсырылды».

Жуырда көптеген қордайлықтар мынадай көріністің куәсі болды: «Роза» дүкенінің сатушысы қолына шелек пен ожау алып сауда нүктесінің алдына еріген қар суын жинап жүрген. Санасы бар кәсіпкердің бұл әрекеті, әрине, клиенттер қолайлы жағдай жасау үшін жасалғаны, айтпаса да түсінікті. Төле би көшесі бойындағы сауда нүктелерінің иелері (әлгі адамдар құлап, әбігер болған жер) кішігірім дүкен иесінен үлгі алады деп үміттенеміз.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.