АҢЫРАҚАЙ ШАЙҚАСЫ ӨТКЕН ЖЕРГЕ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ

0

Қазақ халқының елдігі мен еркіндігі үшін күресінің айғағы болған Аңырақай шайқасы – ұлт тарихындағы ең шешуші, тағдыршешті оқиғалардың бірі. Тарих толқынында ерлік пен елдіктің алтын парағы болып қалатын бұл шайқастың орны ерекше. Қазақ жасақтарының жоңғар басқыншылығына қарсы жеңісі – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның тарихи негізі саналады.

ХАЛЫҚТЫҢ БАСЫНА ТӨНГЕН ҚАТЕР

XVII ғасырдың соңынан бастап қазақ халқы жоңғар шапқыншылығына қарсы үздіксіз соғыстар жүргізді. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты халық қасіретіне айналған оқиға ел жадында ерекше сақталған. Бұл нәубет қазақ халқының тәуелсіздігі мен болашағына үлкен қауіп төндірді.

Осы сын сағатта үш жүздің басын біріктіру – заманның басты талабы болды. 1726 жылы Ордабасыдағы ұлы жиында үш жүздің басшылары бас қосып, ел тағдырын қорғау үшін бірігуге келісті. Қазақтың бас қолбасшысы болып Әбілқайыр хан сайланып, Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Шекті Тайлақ сынды батырлар ел армиясын бастап, жоңғарларға қарсы жойқын шайқастарға кірісті.

1728 жылдан бастап қазақ жасақтары Балқаш пен Шу бойына қарай шоғырланып, ұрысқа әзірлене бастады. Ал жоңғарлар болса қазақ жерін толығымен иемдену үшін үлкен дайындық жүргізіп, Балқаштың оңтүстігі мен Отар даласына дейінгі кеңістікте бекініс құрды. Осылайша қазақ пен қалмақ арасында тарихи шешуші соғысқа негіз қаланды.

1729 жылы Ұлы жүздің Хантауы мен Сұңқар тауының (қазіргі Әбілқайыр тауы) аралығында үш жүздің бас қосуымен қазақ әскері толық біріктірілді. Шайқас Балқаштың оңтүстігі, Отар даласы, Шу өзені мен Күртіге дейінгі кең аумақты қамтыды. Бұл өлке кейіннен «Аңырақай» деп аталды.

Аңырақай шайқасында екі жақтан шамамен 30 мыңнан астам сарбаз қатысқан. Қазақ қолы жауды қоршауға алып, таулы, сортаң, сусыз жерлерді тактикалық артықшылық ретінде пайдаланып, жоңғарлардың тылын кесіп тастады. Жоңғарлар қапыда қалған күйі шегініп, жеңіліс тапты.

ҚАҺАРМАНДАР МЕН ҚОЛБАСШЫЛАР

Аңырақай шайқасының жеңіспен аяқталуы – тек қана санның емес, рухтың да жеңісі болды. Қазақ жауынгерлері үшін бұл тек майдан ғана емес, азаттық пен болашақ үшін күрес еді. Шайқаста көптеген атақты батырлар ерлік танытты. Қолбасшылықты Қабанбай мен Бөгенбай батырлар қатар алып жүрді. Орта шепті Бекжан батыр басқарды. Ал Ұлы жүз жасағын Жолбарыс хан мен Төле би, Орта жүзді Қаракерей Қабанбай, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек батырлар, Кіші жүзді Тама Есет пен Шекті Тайлақ батырлар бастады.

Садақшылардың арнайы жасағын Саурық батыр басқарып, шапшаңдық пен дәлдіктің үлгісін көрсетті. Қазыбек би мен өзге де би-шешендер ел бірлігін нығайтып, жасақтардың қимылын үйлестіріп отырды.

Шайқастың алғашқы күнінде Бөлек батыр Қараұлы жоңғар қолбасшысы Аңырақаймен жекпе-жекке шығып, оны өлтіріп, қазақ жауынгерлерінің рухын көтерді.

Аңырақай шайқасы 40-45 күнге созылып, қазақ жағының толық жеңісімен аяқталды. Жоңғарлар сусыз, шөлейтті өңірде шыдас бере алмай, шегініп кетті. Бұл жеңіс қазақ халқының жоңғар шапқыншылығынан біржола құтылуына негіз болды.

Бұл соғыстан кейін Қазақ хандығының ішкі жағдайында кейбір саяси келіспеушіліктер туындағанымен, Аңырақай шайқасы – қазақ халқының еркіндігін сақтап қалудағы басты тарихи кезең болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында:

«Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты… Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» – деп атап өткен болатын. Аңырақай шайқасы осы сөздердің тарихи тамырын көрсетіп береді.

ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУ МЕН ТАРИХИ ЖАҢҒЫРУ

2025 жылдың 14–15 маусым күндері ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Мемлекет тарихы институты» РММ-нің жетекші қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қанат Еңсеновтің жетекшілігімен «Отар – Итішпес – Хантау» бағытында тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырылды.

Экспедиция құрамында Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан келген тарихшылар, өлкетанушылар, зерттеушілер, музей мамандары және Қордай ормандарын қорғау мекемесінің қорықшылары болды. Сонымен қатар Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Абай Кенжебаев та құрамда болды.

Экспедиция мүшелерін Кенен ауылының тұрғыны, қоғам белсендісі Айдар Бүрбаев күтіп алып, ұлттық дәстүрге сай қонақжайлылық танытты.

Зерттеу барысында Аңырақай шайқасының нақты өткен жерлері араланып, тарихи маңызы жоғары нысандар анықталды. Соның ішінде:

Итішпес көлі;

Құлжабасы мен Хантау арасындағы алқап;

Қалмақ бекіністерінің орындары;

Қазақ жауынгерлерінің қорымдары;

Тастағы тарихи таңбалар мен белгілер.

Барлық табылған деректер ғылыми тұрғыда тіркеліп, алдағы уақытта архивке еніп, зерттеу жұмыстарына айналымға қосылатын болады. Бұл сапар – бабалар ерлігіне тағзым, киелі жерлерге құрмет, ұрпақ санасына тарихты сіңіру жолындағы маңызды қадам болып отыр.

Аңырақай шайқасы – қазақ халқының тарихындағы ең маңызды әскери-саяси оқиғалардың бірі. Бұл жеңіс — ата-бабамыздың елдігі мен ерлігінің көрінісі, ұлттың тәуелсіздік жолындағы күресінің асқар шыңы.

Осындай тарихи мұраларымызды зерттеу, жаңғырту және жастарға жеткізу – елдік сананы қалыптастырудың бірден-бір жолы. Киелі жерлер мен ерлікке толы тарихымыз – бүгінгі ұрпақтың мақтанышы ғана емес, болашаққа жол ашатын құндылық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.