АБАЙ ЕЛІНЕ САЯХАТ

0

Жамбыл облысы Қордай ауданы Қаракемер ауылындағы №14 Ә.Нүсіпбаев атындағы орта мектепте өткен «Абайды оқы, таңырқа» атты қара сөздерді жатқа айту  байқауына белсенділікпен қатысқан 23 оқушы және ата-аналар мен мұғалімдер 2024 жылдың 13-15 мамыр аралығында  Абай облысының орталығы Семей қаласына және Абайдың туған жері Жидебайға   саяхаттап келді.

«Киелі Қордай жерінен ұлы Абай еліне» атты танымдық экспедициясына жол тартқалы отырған оқушылар мен ұстаздарды 13 мамыр күні аудан орталығында ауыл әкімі, ауданның бірқатар Құрметті азаматтары және кәсіпкерлер салтанатты түрде шығарып салып, ақ жол тіледі.

Ең алдымен саяхатшылар Алматы қаласына жетіп, Республика алаңында орналасқан Абайдың ескерткіші алдына жиналды. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» демекші, мұнда оқушыларды ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, Алматы қалалық мәслихатының депутаттары, мемлекет қайраткерлері, Қазақстан Республикасының Жазушылар одағының мүшелері, абайтанушы, алаштанушы ғалымдар және жерлестеріміз – әр салада табысты қызмет атқарып жүрген мектеп түлектері қарсы алды. Оқушылар ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жиналған қауымға Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқып берді. Шара барысында сөз алған ғалым, қоғам қайраткері Асқар Жұмаділдаев Абайдың қара сөздерін жатқа білетін қордайлық өрендерге ізгі тілегін жеткізіп, №14 Әбіл Нүсіпбаев атындағы орта мектеп ұжымын ҚР Ұлттық Ғылым академиясы президентінің атынан оқушылар арасында ғылымды насихаттау жұмысына қолдау көрсетіп, өскелең ұрпақтың дүниетанымын ұлғайту мақсатында осындай ғылыми-танымдық экспедицияны ұйымдастырғандары үшін Алғыс хатпен марапаттады.

Ел ағаларының ақ батасын алған білімгерлер іс-шарадан кейін астанып, келесі аялдамаға қарай жол тартты. 14 мамыр күні таң ата Абайдың туған жері —Жидебайға жетті. Бұл жерде оқушылар «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенін аралап, амфитеатрда Абайдың жастық шағын бейнелейтін «Махаббат қызық мол жылдар» атты сахналық қойылымын қойды.

Жидебайдан Семейге барар жолда Ералы жайлауының шығысындағы Еңлік-Кебек ескерткішіне, Бөрілідегі Мұхтар Әуезов мұражай-үйіне атбасын бұрды. Мұндағы әр бөлме жазушы жүрген дара жолдан, оның шығармашылығынан хабардар етіп тұрды.

Ал кеш бата саяхатшылар Семей қаласына жетіп, Абай қорық-мұражайын, «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» мұражайын тамашалады. Бұл  ұлт қамы үшін жанашырлардың бас қосатын  жері болған екен. Тарихымыздың қайнар көзі іспеттес  үйге оқушылар іштей тағзым ете қадам басты.  Қордайлық саяхатшылар әр барған орын туралы толыққанды ақпарат берген мұражай басшылығына, қызметкерлеріне ризашылықтарын білдіріп, рухани толығып, туған жерге жол тартты.

«Ұлтымыздың рухани ордасы саналатын Семей өңіріне, Ұлы Абай жеріне оқушыларымызды алып келудегі мақсатымыз – жастардың отансүйгіштік сезімін оята отырып, туған жерін, елін аялауға, қадірлей білуге тәрбиелеу. Ақын музейіне саяхаттау оқушылар арасындағы шығармашылық байланысты дамытып, олардың рухани байлығын нығайтып, ұлттық сана-сезімін арттырары сөзсіз. Қордай ауданынан мемлекетіміздің тарихи-мәдени құндылығын қадірлейтін, рухты, жігерлі жастар шығарына сенемін»,-дейді Ә.Нүсіпбаев атындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, экспедиция жетекшісі Болат Төреев.

–             Үш күнге созылған сапарымыз үш сағаттай зырғып өте шықты. Көрген дүниелеріміз, алған ақпараттарымыз рухани байытты деп айта аламын. Бізді күтіп алған музей басшылығы, қызметкерлері Абай мұражайын толықтай аралатып, қолжазбалар, сақталған дүниелердің құндылығы және ақынның өміріне қатысты деректер мен оның өлеңдерін саралап өтті. Ал Мұхтар Әуезовтың мұражай-үйінде болғанда жазушының көзі тірі кезінде қолданған заттарын көріп ерекше әсер алдық. Жидебайға барар жолда тағы бір тарихи жер – Еңлік-Кебек кесенесіне тоқтадық. Қос ғашықтың құрметіне салынған орында Құран бағыштадық. Тарихи жерлерді аралап, Семеймен қимай қоштастық. Бізге осындай  керемет саяхатты ұйымдастырған ұстаздарымызға, ата-аналарымызға, демеушілер мен ауыл азаматтарына барлық оқушылардың атынан алғыс айтамын, — деп алған әсерімен бөлісті Ә.Нүсіпбаев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Сағила Қапархан.

Leave A Reply

Your email address will not be published.