Абай өз шығармаларында адам болудың талап-тілектерін атап, өзінің гуманистік танымы тұрғысынан өскелең ұрпақтың адамшылық негіздері, бойға ұялатар қасиеттері қандай болмақ деген ойға ерекше көңіл бөледі. Ақын шығармаларында өзекті желідей созылып, ғұмыр бойы танытуға ұмтылған, өмір бойы шарқ ұрып іздегені – толық адам. Абайдағы толық адам – рухани жетілген, кемеліне келген адам.
Абайдың толық адам жайындағы танымын ғылыми тілмен оқырманға тереңінен түсіндіріп берген ғалым М.Мырзахметұлының 1982 жылы жарық көрген «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» атты монографиясында алғаш Абайдың исламиятқа қатысы мен мораль философиясына қатысы зерттеліп, бір ізге түсіріледі.
Ғалым сөзіне ден қойсақ: «Адамзат қоғамы тарихында адамгершілік идеясы ғасырлар бойы күн тәртібінен түспей келе жатқан ең басты мәселелердің бірі – жеке адамның ақыл, мінез жағынан пісіп жетіліп, яғни толық адам болуы жайлы ойлар пікір күресін тудырып келуде. Гуманист атаулының бәрі де дүниедегі ең асыл, бағалы нәрсе – адам болса, сол адам бойындағы ең басты сипаттары неден тұрмақ дегенге әр заман ойшылдары өз ұғым-нанымы, заман талабы тұрғысынан жауап беріп келді. Бұл іспеттес тарихи сұрау Абай өмір сүрген ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамы жағдайында ұлы ойшыл алдына да қойылды».
«М.Әуезов Абайдың мораль философиясына қарым-қатынасы жайлы мәселеге ертедегі әрі соңғы жылдардағы зерттеулерінде ерекше мән бере қараған. Абай шығармаларындағы мораль философиясы туралы ойларының желісін сөз еткенде, Әуезов оларды өзі атап көрсеткен «нравственная личность» мәселесімен тікелей бірлікте, байланыста қарастырған».
Абайтану саласындағы зерттеулерінде Әуезов «нравственная личность», «гармоническая личность» деген терминдік сөзді беріп отырады. Абайдың қара сөздерін зерттеген еңбегінде бұл ойын былай деп береді:
«Он жетінші қара сөзде Абайдың өз тұсындағы және Абайдан бұрынғы үлкен моралист, педагог ойшылдардың көп айтқан пікіріне жанасатын ой-толғау жүргізеді. Ол – толық сапалы адам болудың шарты, гармоническая личность жайындағы ойлар».
Абайдың күллі этикалық, гуманистік танымының негізгі желісін жазушы шығармада кейіпкерлер сөзі арқылы, ақынның ойы негізінде көркем тілмен таратып береді. Абайдың дүниетанымындағы өзекті ойларын М.Әуезов эпопеяда нақтылай түсіп, әрі дамыта отырып, өзінің көзқарасын да білдіреді.
«М.Әуезов қаншалықты ғылыми терең таным екенін білу үшін айрықша мән беріп отырған ойы – Абайдағы толық адам жайлы шоғырланған түбірлі ойдың төркініне, ақын шығармасында уағыздалатын ой желістеріне назар салып көрейікші? Сонда ұлы жазушының не себепті ақын мұрасын таныту жолында осы танымға шешуші мән бере қарап, ғылыми зерттеулері мен «Абай жолында» өз ойын қатар дамытып отыратын себебіне де көзіміз жете түседі».
Жазушы Абай айтқан жақсылық, аяныш, әділет, адал жүрек деген қасиеттерден Әзімбайдың жұрдай екенін аса жиіркенішпен айтады. Адамдық қасиеттерден ада болып өсіп келе жатқан, Әзімбайдың азуы шыққан қатал, асау, зорлықшыл кейпін жазушы шынайылықпен бедерлейді.
Абайдың осы сияқты айналасындағы адамдардың жиренішті қылықтарына ыза болып, оларға адамдық қасиеттер жайлы айтқан толғаулы уағыздарымен ақынның терең ойларын М.Әуезов эпопеяда жиі келтіреді.
Шұбар жайындағы Абайдың ойын жазушы былай береді: «Мыналар болса, зорлығы мен көптігін, күшімен кәрін қолымен де батырып жібере алады. Абай жағынан азар болса, көретін жазасы – «ар, ұят, адамгершілік» деген жөнде. Шұбардың өзіне жол еткен мінезі бойынша, ол «ар, ұят» дегендер кеңшілікте, тыныштықта, келіп кетері жоқ мәжілісте ғана және Абай қасында ғана сөйленетін ермек қана».
Абайдың Шұбарға беретін тағылымы — ар, ұят, адамгершілік жөнінде екенін жазушы түсіндіреді. Шығармадағы бұл үзінді Абайдың мына өлең жолына үндес келеді:
«Жаман тату қазады өзіңе ор,
Оған сенсең, бір күні боларсың қор.
Ары бар, ұяты бар үлкенге сен,
Өзі зордың болады ығы да зор».
Абай адамгершілік, адалдық мінездерді жастарға үлгі етіп, ар мен ұят мәселесін қозғайды. Абайдың жастарға үлгі етіп, толық адам болудың талап-тілектеріне лайық болып келетін адамның өмірдегі көрінісі — өзінің сүйікті ұлы Әбдірахман бейнесі еді.
Абайдың толық адамға қойған талабы – қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің бірлігі Әбдірахманның бойынан табылады. Эпопеяда өзінің жастығына қарамастан, ол үлкен ойдың, кең талғамның адамы ретінде көрінеді.
Жазушы Әбішті ел қамын жейтін, жауыздыққа қарсы алысатын адам етіп суреттеген. Бұл ретте роман кейіпкері Әбіш пен оның прототипінің, сол сияқты Абай өлеңдерінде бейнеленген Әбіштің арасындағы ұқсастық, жақындық мол екенін атап айту керек.
Абайдың сүйікті ұлы Әбдірахманға арнап шығарған өлеңдері «Абай жолы» эпопеясында мол қамтылған. Бұл өлеңдері арқылы жазушы қайрат, ақыл, жүректің бірлігі бойынан табылған, Абай аңсаған толық адам болудың талабынан шыққан Әбдірахман бейнесін эпопеяда қазақ даласында ешкімге ұқсамайтын жаңа тұрпатты ерекше ғазиз жан ретінде бейнелейді.
Қорыта келгенде айтарымыз, Абай поэзиясында негізінен сөз болатын адамгершілік мәселесі мен талап қоятын адамдық қасиеттері «Абай жолы» роман-эпопеясында жалғасын табады. Абайдың аңсаған, армандаған толық адамын М.Әуезов оқырманға көркем образдар арқылы шебер тілмен жеткізеді.
Абай поэзиясының алтын арқауы – толық адам жайлы ойшылдың танымын М.Әуезов дамыта отырып, оған өз көзқарасы тұрғысынан гуманистік мәселелерді өзек еткен прозалық туындыларында кеңінен толғайды.
М.АБСАЛИМ, Қордай аудандық қазынашылық басқармасы басшысының орынбасары