Биылғы жылы Президенттің бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы елдегі тазалық мәселесіне оң септігін тигізген сыңайлы. Мұнымен қоса, таяуда аудан басшылығы абаттандыру және санитарлық тазалық екіайлығының өтетінін де жариялаған болатын.
Осы орайда әр сенбі күні мекеме басшысы бастаған ұжымдар тазалық жұмыстарын жүргізуді әдетке айналдырып үлгерді. Алайда тұрақты түрде ұйымдастырып келетін сенбіліктің оң нәтижесі әр жерде байқала бермейтіні қынжылтады. Себебі, аудан орталығында ұйымдар мен мекемелер, сауда орындары көп шоғырланған. Ал, олардың тазалыққа немкеттілік танытуы ісіміздің оңға басуына қолбайлау болып отыр. Біріміз тазалап, енді біріміз ластап жүрсек қалай болмақ? Біздіңше, әуелі халықтың тазалық туралы түсінігін қалыптастыру керек сияқты. Қалай десек те, және бір сенбілік өтті. Кетпен-күрегін асынған мемлекеттік қызметкерлер тағы да тазалық жұмыстарына кірісті. Бұл жолы олар өз мекемесінің төңірегін тазалап, біраз игілікті істі атқарды. Сәрсенбі күні аудандағы тазалық мәселесіне қатысты жиын өтті. Аудан әкімдігінің аппарат басшысы Нұрболат Сатымқұл төрағалық еткен жиынға ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары және түрлі мекемелердің басшылары қатысты. Жиналыста күзгі абаттандыру және санитарлық тазалық екіайлығының тиісті деңгейде өтуі туралы әңгіме қозғалды. Әр мекеме айналасы мұнтаздай таза болу керектігі, «Таза Қазақстан» акциясына барлығы қатысу қажеттігі айтылды.
— Әр еңбек ұжымы тұрақты түрде тазалық акциясына шығып жүргенін көрген өзге азаматтар да осы іске көңіл бөлуі мүмкін. Олар өз үйлерінің айналасын тазалап-ақ ортақ іске айтарлықтай септігін тигізері анық. Осы себепті де тазалық акциясы кеңінен насихатталуы тиіс. Көршілеріңізге, туыстарыңызға осы науқанға атсалысуын айтып жүріңіздер, — деген аппарат басшысы санитарлық тазалыққа қатысты өзге де мәселелерді көтерді.