Жексенбі күні Қордай ауданындағы шекара қызметіне әскерге шақырылған сарбаздардың салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі ұйымдастырылды. Көктемгі шақырылым аясында қастерлі борышын өтеуге келген 281 сарбаз Отанға адал қызмет етуге ант берді.
Шараға Қордай ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы, подполковник Данияр Кокбаев, ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Дәулет Қырғызбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, Шекара қызметінің ардақты ардагерлері мен салтанатты сап түзеген сарбаздардың ата-ана, туыстары қатысты. ҰҚК Шекара қызметі Қордай ауданы бойынша басқарма бастығы подполковник Данияр Кокбаевтың бұйрығымен, Жауынгерлік Ту көтерушілер тобы сап түзеген сарбаздардың алдын кесіп өтіп, өз орындарына тұрған соң рәсім еліміздің Мемлеттік Әнұранымен басталды. Бұл – «Көктем-2025» шақырылымы үшін маңызды сәттің тұсауы кесілгенін білдіріп тұр еді. «Мен, қатардағы жауынгер…» деп басталып, осылай жалғасып кете беретін мәтінді асқақ үнмен оқыған әрбір жауынгерді басқарма басшысы бастаған қонақтар құттықтап, оларды алда күтіп тұрған жас жауынгерлер курсын сәтті аяқтап, қасиетті еліміздің шекарасында қызмет етуге тілек білдірді.
Қалың жұртшылықтың басын қосқан шара Қордай ауданы бойынша шекара басқармасының арнаулы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобының сахналық көрінісіне ұласты. Мұнда ел шебіндегі күрделі жауынгерлік тапсырмаларды орындауға машықтанған әскери қызметшілер шекара бұзушыларды ұстаудың тәсілдерін асқан шеберлікпен көрсете білді.