Қордай ауданында еңбек адамдарын ұлықтауға арналған «Адал еңбектен – жарқын болашаққа» атты фестиваль бастау алды.
11 сәуірде Қордай ауылындағы Орталық саябақта «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамдарын ұлықтап, олардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған «Адал еңбектен – жарқын болашаққа» атты фестивальдің алғашқы кезеңі өтті.
Фестиваль Қордай ауылынан бастау алып, әр апта сайын ауданның өзге де ауылдық округтері жалғастыратын болады. Жыл соңында фестивальдің қорытындысы шығарылып, үздік қатысушыларға арнайы марапаттау беріледі.
Іс-шараны Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай салтанатты түрде ашып, фестивальдің маңызы мен негізгі мақсатына тоқталды. Аталған фестиваль қоғамдағы еңбек адамының рөлін насихаттауға, жас ұрпақты адал еңбекке баулуға және еңбекке құрмет көрсету мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Алғашқы кезеңде жергілікті өнерпаздар жанды дауыста ән шырқап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар, дәстүрлі және заманауи қолөнер туындылары қойылған көрме ұйымдастырылып, түрлі спорттық ойындар өткізілді.