Биыл еліміздің басты құжаты – Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанына 30 жыл толып отыр. 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата Заң – тәуелсіздіктің темірқазығы, әрбір Қазақстан азаматының құқықтары мен бостандықтарының кепілі.
Конституцияның кіріспесінде «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы…» деп басталатын өрнекті сөздерден бастап, әрбір бабы халықтың арман-мұратын, мемлекетіміздің бағытын айқындайды. Әсіресе, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары – негізгі бөлімнің өзегі.
Мысалы, Конституцияның 1-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп анық жазылған. Бұл – кез келген мемлекеттік бастаманың түпкі мақсаты халықтың игілігіне бағытталуы тиіс екенін білдіреді.
14-бапта: «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» деп көрсетілген. Бұл қағида азаматтардың нәсіліне, жынысына, тіліне, дініне, саяси көзқарасына, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан тең құқылы екенін бекітеді. 15-бап әркімнің өмір сүру құқығын, 16-бап жеке бас бостандығын, 17-бап ешкімді азаптауға, зорлық-зомбылыққа ұшыратуға болмайтынын бекітеді. Ал 18-бап әр азаматтың жеке өміріне, ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмауына кепілдік береді.
Еліміздің бас құжатының 12-бабы 2-тармақшасында былай дейді: «Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумасынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады». Демек, құқықтың қорғалуына мемлекет өзі кепілдік беріп отыр. Егер адам туылғаннан бастап құқықтары болса, оны қорғау міндет. Құқықтық мемлекетте бұл тұжырым бірінші орында тұруы тиіс. Сонымен қатар, осы 12-баптың 4-тармағында: «Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттер атқарады» делінген. Теориялық тұрғыдан нақты осылай жазылған. Өйткені, бұлар өзінің мазмұнымен өте құнды болып табылады.
Осы құқықтардың барлығы бір қарағанда қағаз бетінде ғана жазылғандай көрінуі мүмкін. Бірақ оларды іске асыру үшін елдің әр өңірінде жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Соның жарқын мысалы – Қордай ауданында жүзеге асқан жобалар.
Өткен жылы Қордай ауылында 150 келушіні қабылдай алатын жаңа полиция ғимараты пайдалануға берілді. Заманауи жабдықталған бұл нысан тұрғындар мен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді арттырады. Сондай-ақ, халық тығыз орналасқан Сортөбе ауылында 75 келушіге арналған полиция бөлімінің жаңа ғимараты ашылды. Бұл – Конституциядағы 14 және 16-баптардың іс жүзіндегі көрінісі, яғни әрбір азаматтың қауіпсіздігі мен теңдей құқыққа ие болуына жасалған нақты қадам.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі де – адам құқығы тақырыбындағы маңызды бөлік. Конституцияның 17-бабында зорлық-зомбылыққа жол берілмейтіні айқын жазылған. Осы қағиданы жүзеге асыру мақсатында 2020 жылдың 19 қарашасында Қордай ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылды. Мұнда өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұл орталық – әлсізге қорған, шарасызға сүйеніш.
Мысалымызды толықтыра түссек, Конституцияның 27-бабында отбасы, ана мен бала мемлекеттің қорғауында екені жазылған. Қордайдағы әлеуметтік орталық та осы баптың іс жүзіндегі көрінісі болып табылады.
Адам құқығы тақырыбын сөз еткенде, Ата Заңымыздың 39-бабын атап өтпеу мүмкін емес. Бұл бапта:
«Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары тек заңда көзделген жағдайларда ғана шектелуі мүмкін, ал мұндай шектеулер адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ республиканың конституциялық құрылысын, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау үшін қажет» деп жазылған.
Бұл норма адам құқығының басты құндылық екенін, бірақ оның да шектелуінің тек заң аясында және жалпы қоғамның мүддесін қорғау мақсатында ғана мүмкін болатынын айқындайды. Яғни мемлекет азаматтың құқығын сақтай отырып, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті де қамтамасыз етеді.
Ата Заңымыздың 30 жылдығын атап өту – өткенге есеп беріп, болашаққа бағыт айқындау. Қордай жерінде жүзеге асқан осы игі істер Конституцияда бекітілген адам құқықтарын қорғаудың нақты көрінісі. Өйткені, заңның қағаздағы әрбір жолы халықтың күнделікті өмірінде сезілуі тиіс.