АДАМ ӨМІРІНІҢ АРАШАСЫ

0

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жастардың ауылдық жерлерде тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік беріп, олардың қуаты мен күш-жігерін ауылдардың дамуына жұмсауға көмектесуде.

Қазіргі таңда кадр тапшылығы мен білікті маман жетіспеушілігі отандық медицинада үлкен мәселе. Аталмыш жоба 2009 жылдан бастап жас мамандарға көтерме жәрдемақы беруден бастау алса, 2010 жылдан бері баспана алуға немесе баспана салуға бюджеттік несие беру арқылы жалғасын тапты. Осы орайда, ауылдық жердегі маман жетіспеушілігі мәселесін шешуге бұл мемлекеттік жобаның оң үлес қосқанын айта кету керек. Бүгінде бағдарламаның берекесін көрген медицина саласының қызметкері, аудандық орталық аурухананың, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бөлімшесінің жалпы тәжірибелік дәрігері – Мадибек Шалтабай.

Ол – адам өмірін сақтап, әр адамның өмір сүру сапасын жақсартуға қолдан келгеннің бәрін жасау арқылы ұлт денсаулығын сақтауға үлес қосуда.

«Мен Алматы қаласындағы Қазақ-Ресей медициналық университетінің түлегімін. 2024 жылы оқуды бітіріп, аталған бағдарламаның қатысушысы болу мүмкіндігіне ие болып, туып-өскен жерім бойынша аудандық орталық ауруханаға жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмысқа қабылдандым. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы көтерме жәрдемақы мен жеңілдетілген несие алып, тұрғын үйге қол жеткіздім», — дейді жас дәрігер.

Адам жанына араша түсіп, басы ауырып, балтыры сыздағанның бабын табатын жауапкершілік жүгі ауыр дәрігерлік мамандықты таңдау да нағыз батылдық. Аталмыш бағдарлама аясында жұмыспен қамтылған тағы бір медицина саласының жас маманы – Жадыра Карибаева. Тараз қаласының тумасы Жадыра Шадиярқызы бүгінде Ноғайбай ауылдық дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері қызметінде.

Иса Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медициналық академиясының «емдеу ісі» факультетін сондай-ақ, екі жылдық ординатурасын тәмамдаған ол, ағымдағы жылдың сәуірінде «дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында дәрігерлік саладағы еңбек жолын бастады. Оның айтуынша, ауылдық жерде жұмыс істеу ол үшін жаңа мүмкіндік. Өйткені ол жергілікті тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, олардың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік алады.

«Жас маман ретінде маған ауылдағы елдің сенімі күш береді. Ауылдың тынысы қандай кең болса, адамдарының пейілі де сондай кең. Бар мақсатым Гиппократ антына адал болып, ауыл медицинасының сапасын көтеру», — дейді Жадыра Шадиярқызы.

Жас дәрігер бүгінде Қордай ауданына қарасты, Ноғайбай, Шарбақты, Сарыбастау ауылдарындағы тұрғындардың денсаулығына жауапты.

Ауыл дәрігері, ақ халатты жандар кәсібін шын сүю керек деп санайды. Сонда ғана жаны қысылған адамға ықыласпен көмек көрсетіп, жаралы жанды жылыта біледі.

Кез келген мемлекет дамуының негізгі көрсеткіші дені сау және білімді халық болып табылады. Мемлекетіміз осы бағытта жұмыс жасап, азаматтардың денсаулығын көтеруге ерекше назар қойып келеді.

Жас мамандардың ауылдық жерлерде жұмысқа орналасып, білімі мен біліктілігін шыңдауына мемлекеттік бағдарламалардың қосар үлесі зор.

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында!

Leave A Reply

Your email address will not be published.