Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында АЭС салу бойынша референдум өткізуді жариялаған болатын. Аудандық «AMANAT» партиясынан құралған Халықтық штаб мүшелері АЭС мәселесін талқылау бойынша бірқатар еңбек ұжымдарымен кездесу жиынын өткізді.
АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб ауданымызда сайлаушылармен кездесу жұмысын бастады. Жамбыл облыстық халықтық штаб мүшесі А.Ашимова және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Б.Жамангозов АЭС салуды қолдау бойынша аудандық «мансап орталығы» ұжымымен кездесу өткізді. Шара барысында аталмыш мәселеге қатысты жалпыұлттық референдум жалпыхалықтық деңгейде өткізілетіндігі турасында айтылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының бірден бір дәлелі референдум болып табылатынын тілге тиек етіп, саяси науқанда белсенді болуға шақырды.
****
Қордай ауданынан құрылған халықтық штаб мүшелері №18 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында алдымыздағы өтетін үлкен саяси науқанның маңыздылығын айтып өтіп, АЭС салу еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылып, электр жарығына тәуелсіз өмір сүруі үшін өте қажет екені туралы айтылды.
Жиынға жиналған қатысушылар АЭС туралы ойларын ортаға салды. Кездесу соңында қатысушылар Мемлекет басшысының бастамасын қолдайтынын жеткізіп, штаб мүшелерінің жұмысына сәттілік тіледі.
****
АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб мүшесі А.Омар «Өтеген» бастауыш партия ұйымының мүшелерінің білім қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Кездесу барысында, елімізде АЭС салудың маңызды тұстарын кеңінен түсіндіріп, ел болашағына қатысты тағдыр шешті сәтте алдыңғы шептен табылуға үндеді. Жалпы, Халықтық штабтың барлық кездесулерінде аудан тұрғындары АЭС салуға жоғары қызығушылық танытып, алдағы референдумға қатысуға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб мүшелері Қарасай және оған қарасты Еңбек елді мекенінің тұрғындарымен жүздесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып ұсыныстарымен пікірлерін тыңдады. Сонымен қатар, халықтық штаб мүшелері Р.Жатқанбай және Қ.Қыпшақбаева «Қарасу» бастауыш партия ұйымының мүшелері білім қызметкерлерімен жиын өткізді. Кездесу барысында 6 қазанда өткізілетін саяси науқанның маңыздылығын айтып өтіп, атом электр станциясының салынуы еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылып, электр жарығына тәуелсіз өмір сүруі аса маңызды екені айтылды.