АГРОСЕКТОРДАҒЫ АРШЫНДЫ ҚАДАМДАР

0

Қазақстан Тәуелсіздік алысымен кеңес құрамында болған өзге де мемлекеттер секілді экономиканы жаңғыртуға, халық шаруашылығы секторларын реформалауға кірісті. Бұл елдің ауыл шаруашылығы саласындағы дамуының жаңа кезеңі еді.
Жүргізілген реформалардың нәтижесінде ауыл шаруашылығында көп деңгейлі экономика қалыптасты. Бұл аграрлық саясаттың маңызды стратегиялық бағыттарының бірі. Десе де, осы уақытқа дейін орын алған өзгерістердің бәрі қиындықсыз өтпеді. Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан өңіраралық һәм салааралық байланыстардың өзгеруі ауыл шаруашылығындағы дағдарысқа жол ашып берді.

БІРІНШІ КЕЗЕҢ: ҚҰРЫЛУ ҺӘМ ҚАЛЫПТАСУ

Мамандар Қазақстандағы ауыл шаруашылығы экономикасының қалыптасуын екі кезеңге бөліп қарастырады. Бірінші кезең 1991-1999 жылдарды құрайды. Бұл – экономиканың құрылу кезеңі. Екінші – өсу кезеңі. Ол 2000 жылдан басталады.
Бұған дейін ортақ жүйеге жұмыс істеп келген Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы Тәуелсіздіктен кейін өз бетінше дамуға көшті. Сөйтіп ауыл шаруашылығы экономикасының алғашқы қадамдары жасалды. 1991-1999 жылдардағы құрылу кезеңі агроөнеркәсіпті қайта құрумен сипатталатыны да сондықтан. 1991 жылға дейін мемлекеттік меншік нарықтық жолға кедергі болғаны белгілі. Өйткені нарықтық өзгерістердің маңызды шарттарының бірі – меншік нысандарының көптүрлілігі болды.
1991 жылы жер реформасы басталды. Ол жер меншігіне деген қатынастың өзгеруімен, мемлекет монополиясын жою, ұжымшар және кеңшарларды түрлі ұйымдық-құқықтық құрылымдарға өзгертумен сипатталды. Ұжымшар және кеңшардағы мемлекеттік жер меншігін жекешелендіру, ауыл шаруашылығы жерлерін шаруа қожалықтарына, үй шаруашылықтарына, кооперативтерге өткізу басталды. Сол кезде мемлекеттік сектордағы ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі 2 млн 925 мың гектарды құраған екен. Ал мемлекеттік емес сектордың үлесі – 341,1 мың гектар жер. Осылайша, жер қорын бөлу және шаруашылықтың бірнеше түрін құру арқылы салаға өзгеріс енгізу басталды.
Сол кездегі реформалар өнімді тұтынушыларға, сұраныс құрылымына белсенді әсер етуге, өнімнің ресурс сыйымдылығын төмендетуге, оның сапасын және талғамын арттыруға бағытталды. Салдарынан ауыл шаруашылығы экономикасына түсетін капитал қысқарды, өндіріс көлемі азайды, ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындардың тұрмыс деңгейі нашарлады, ауылдағы әлеуметтік шиеленіс күшейді. Қаржылық дағдарысқа дейін ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің өсу қарқыны жақсы болды. Алайда азиялық дағдарыстан және Ресей рублінің девальвациясынан кейін Қазақстан үшін халықаралық экономикалық орта нашарлады, ауыл шаруашылығы өнімі өндірісінің қарқыны төмендеді.
Мәселен, 1997 жылы ауыл шаруашылығындағы жалпы өндірістің көлемі 297 млрд теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 168,1 млрд теңгеге немесе жалпы өнімнің 56,6 пайызына, мал шаруашылығы – 128,9 млрд теңгеге немесе 43,4 пайызға тең. Дәл осы жылы ауыл шаруашылығына бағытталған капиталдық салымдардың үлесі жалпы капиталдық салымдардың 1,5 пайызын ғана құрады. Сондай-ақ аталған жылы тиімді шаруашылықтардың үлесі 23,4 пайызға, ал тиімсіздердің үлесі 72,4 пайызға тең болды. Негізгі ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша тиімділік кері нәтиже көрсетті. Сөйтіп дәнді дақылдардың тиімділік деңгейі – 7,1 пайызды, картоп – 12,1 пайызды, көкөніс – 11,7 пайызды, ірі қара малдың еті – 53,1 пайызды, қой еті – 30,2 пайызды, құс еті – 21,7 пайызды, сүт 37,6 пайызды құрады.
Жалпы сала бойынша зардап көлемі 27,5 млрд теңге болды. Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің несиелік берешегі 121 млрд теңгені құрады. Төлем қабілетсіздігіне байланысты ауыл шаруашылығы көліктерін өндіретін кәсіпорындардың өнімдері және онымен тығыз байланысты химиялық өнімдер сұраныссыз қалды.
1997 жылғы ауыл шаруашылығындағы ауыр жағдай мемлекеттік қолдауды күшейтуді талап етті. Осылайша, ішкі қаржылық тұрақтылықты күшейту мақсатында 1998 жылдан бастап әлеуеті төмен ауыл шаруашылығы құрылымдарын банкрот деп жариялау арқылы қаржылық оңалту және санация басталды. Нәтижесінде, 1998-2001 жылдар аралығында әлеуеті төмен 2 184 ауыл шаруашылығы құрылымының 83 пайызы немесе 1 817-і жойылды. Қолға алынған шаралар жалпы несие қарызын 67,2 млрд теңгеге (55 пайызға) қысқартуға мүмкіндік берді.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында 1998-1999 жылдар аралығында мемлекет бірқатар тиімді шараларды қолданды. Мәселен, салық жеңілдіктері ұсынылды. Бірқатар тауарға арналған қосымша құн салығы 10 пайызды құрады. 1998 жылғы шілдеден бастап ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін салық салудың патенттік жүйесі енгізілді. Ол бюджетке бағытталған түсімдерді 80 пайызға азайтуды көздеді.
Бұдан бөлек, бюджетке салық төлеуді 1999 жылғы 15 желтоқсанға дейін созуға мүмкіндік беретін Үкімет қаулысы қабылданды. «Салық және басқа да бюджетке төленетін төлемдер туралы» заңға толықтырулар енгізілді. 2000 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қалыптасқан салықтар мен санкциялар тағы да 3 жылға созылды. Шағын тауар өндірушілерді қолдау және баға демпингін болдырмау үшін бекітілген бағамен бидайды мемлекеттік ресурстарға жыл сайын сатып алу тетігі енгізілді.
Он жыл ішінде еліміздің аграрлық саясаты нарықтық негізге бағыт алды. Соның нәтижесінде Қазақстан Кеңес Одағынан кейінгі мемлекеттер арасында бірінші болып терең аграрлық реформаларды жүргізе бастады: заңнамалық-құқықтық база мен аграрлық реформалар тетігі әзірленді, мемлекеттік меншіктен жекеменшікке өту жүргізілді. Соңғысы көп санатты экономиканы дамытуға себепші болды. Реформаны жүзеге асыру кезінде жер үлестерін кейіптендіру және натурализациялау жүргізілді. Жер пайдаланушылардың құқықтары заңмен бекітілді әрі жердің нарықтық айналымын дамытуға жағдай жасалды. Агроөнеркәсіпті басқаруды монополиясыздандыру нәтижесінде шаруашылық жүргізудің нарықтық тетіктері пайда болды. Қаржылық-несиелік және баға саясатындағы нарықтық өзгерістер инвесторларды тарту, микронесиелендіру, өнімдерге деген келісімдік бағаларды қолдану арқылы агроқұрылымдардың жағдайын жақсартуға жол ашты.

ЕКІНШІ КЕЗЕҢ: ӨСУ МЕН ӨРЛЕУ

2000 жылдардың басында қалыптасқан жағдай аграрлық сектордың даму стратегиясынан концептуалдық анықтаманы қажет етті. Оның негізгі бағыттары 2030 жылға дейінгі Қазақстанның даму Стратегиясында белгіленген. Стратегия шеңберінде 2000-2002 жылдарға ауыл шаруашылығы өнімін дамыту бағдарламасы әзірленді. Ол бәсекеге қабілетті өндіріс салаларының экономикалық өсуін, негізгі ауыл шаруашылығы өнімінің түрлерін өндіруді тұрақтандыруды қарастырды. Бағдарлама шеңберінде агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік реттеудің заңнамалық базасы құрылды. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерді несиелеу кезінде кепілдік базасын кеңейту мақсатында «Астық туралы» заңға сәйкес астық қолхаты жүйесі енгізілді.
Мемлекеттің қатысуымен ауыл шаруашылығын мақсатты түрде дамыту үшін алғашқы қадамдар жасалды. Сөйтіп арнайы лизингтік компания – «КазАгроҚаржы» АҚ құрылды. Ол бүгінде ауыл шаруашылығы техникасын, жабдықтарды тиімді сыйақы мөлшерлеме бойынша ұсынатын жалғыз мемлекеттік компания болып саналады.
Ауылдық тауар өндірушілер жеңілдетілген салық талаптарына сәйкес жұмыс істеуді бастады. Заңды тұлғалар 80 пайыздық арзандатылған патент негізінде, шаруа және фермерлік қожалықтар біріккен жер салығы негізінде жұмыс істеуге көшті. Мемлекет жануарлар және өсімдіктердің аса қауіпті ауруларға қарсы шараларын толық жүргізуде, асыл тұқымды өнімнің, элиталық тұқымдардың, минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуда үлкен көмек көрсетуде. 2001 жылдан бастап отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында республикалық бюджеттен минералды тыңайтқыштарға субсидия бөлінеді.
Асыл тұқымды мал шаруашылығында қалыптасқан жағымсыз жағдайларды түбегейлі өзгерту үшін «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» заңына өзгерістерді және қосымшаларды енгізу туралы» заң қабылданды. Онда асыл тұқымды өнімді өткізумен және өндірумен айналысатын шаруашылық субъектілері қызметінің негізгі бағыттары, асыл тұқымды шаруашылығы саласында уәкілетті органның құқықтары мен міндеттері, мал шаруашылығының асыл тұқымды базасын сақтауға, дамытуға және қайта орнатуға мемлекеттік субсидияларды ұсыну тетіктері белгіленген.
Бұдан бөлек, өнімді сыртқы және ішкі нарыққа өткізу жолымен мал шаруашылығының дамуын ынталандыру бойынша жұмыстар басталды. Осы орайда 2001 жылдың соңында арнайы мемлекеттік компания – «Мал өнімдері корпорациясы» АҚ құрылды.
1999 жылдан бастап нарықтық жағдайларға сәйкес бұрынғы бақылаулы-қадағалау және шаруашылық-орындау функцияларын біріктіретін мемлекеттік ветеринария жүйесінің орнына мемлекеттік ветеринариялық қадағалау жүйесі құрылды. Бұл жекеменшік ветеринарлық қызметті дамытты.
Дегенмен 2002 жылы өтпелі кезеңнің проблемалары біліне бастады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарының тозуы, жер құнарлылығының төмендеуі, агротехнологиялардың сақталмауы, егіндік және мал шаруашылығы өнімділігінің, өндіріс табыстылығының және өндірілетін өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуі үлкен проблемаға айналды. Сол себепті Елбасы 2002 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алдағы үш жылды ауылды жаңарту жылдары деп жариялады.
Бұл мәселені шешу үшін 2003-2005 жылдарға арналған мемлекеттік азық-түлік бағдарламасы әзірленді. Оның басты мақсаты – тиімді агробизнесті реттеу, өндіріс көлемін ұлғайту мен бәсекеге қабілетті өнімдерді өткізу және мемлекеттік қолдау шараларын оңтайландыру болды.
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезінде агроөнеркәсіп кешенінің заңнамалық базасын әрі қарай ұлғайту, жетілдіру және оны халықаралық тәжірибе нормаларына сәйкестендіру бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Жер, Су және Орман кодекстері жұмыс істей бастады. «Агроөнеркәсіп кешенін және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы», «Өсімдік шаруашылығында міндетті сақтандыру туралы», «Су пайдаланушылардың ауылдық тұтыну кооперативтері туралы», «Жануарлар әлемін қорғау, қайта өндіру және пайдалану туралы» заңдар қабылданды. Олардың негізгі ережелерін нақтылайтын заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілер бекітілді. Элеваторларды лицензиялау бойынша жұмыс аяқталды. «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы», «Астық туралы» заңдарға концептуалдық өзгерістерді және қосымшаларды енгізу бойынша жұмыс жүргізілді. Есеп мәселесі, мемлекеттік тіркеу және механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін мемлекеттік техникалық байқаудан өткізу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілді. Қабылданған заңдар ел экономикасындағы аграрлық саланы дамытуға септігін тигізді.
2006 жылдың басына қарай жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны 1990 жылмен салыстырғанда 30 есе көбейді. Бұл ретте шаруа (фермерлік) қожалықтары 324-тен 156 978 бірлікке дейін өсті. Ал мемлекеттік кәсіпорындар 2 223-тен (1990 жылы) 65-ке дейін немесе 34 есе азайды (2005 жылы).
Жерге төлемақы енгізгеннен кейін жердің төмен өнімділігінен бас тартқан шаруашылық субъектілерінің нәтижесінде ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланушылар саны азайды. Осылайша, 1990 жылмен салыстырғанда 2005 жылы ауыл шаруашылығы жерлерінің жер пайдаланушылардың қолдану алаңдары 2,5 есе, егістік жерлер – 1,6 есе, шабындықтар мен жайылымдар 3 есе қысқар¬тылды.
Су кодексін және басқа да нормативтік заңға тәуелді актілерді қабылдаумен су саласында нақты байланыстарды реттеу үшін жағдайлар жасалды. Оның қызметі реттелді, мемлекеттік органдардың ғана емес, сонымен қатар су пайдаланушылардың да уәкілеттері мен міндеттері белгіленді, мемлекеттік бақылаудың жүйесі қалыптасты. Жаңа Орман кодексінде салынған нормалар, жеке капиталды аталған салаға тартуда, орман қорларын сақтауда, жаңғыртуда және пайдалануда жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруға жол ашты.
Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру кезеңінде агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау күшейді. Оны қолдауға бөлінген қаржылық қорлардың мөлшері мемлекеттік бағдарламадағы параметрлерге толық сәйкес келеді. Бұл ретте жыл сайынғы өсім 9-10 млрд теңгені құраған.
Мемлекеттік қолдау шаралары мен оларды іске асыру тетігі ынталандырушы сипатқа ие болғанын да атап ету қажет. Ауылдың жағдайын жақсарту мақсатында Президент Жарлығымен 2003 жылы ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Аталған бағдарламаның іске асырылуы жоғары даму әлеуеті бар елді мекендердің санын едәуір көбейтуге және күнкөрістің ең төменгі деңгейі сақталған ауыл тұрғындарының санын азаюуына мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қажетті мөлшерде және жоғары сапада қамтамасыз ету мақсатында 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» салалық бағдарламасы іске асырылды.
Несиелендіру бағдарламаларының шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің талаптарына бағытталған тиімді қаржы құралдары қалыптасты. Олар егіс жұмыстарын жүргізуге, ауылдық тұтыну кооперативтерін жеңілдікпен несиелендіруге, ауылшаруашылық техникасы мен технологиялық жабдықтарды лизингке алуға, ауылдық несие серіктестіктерінің жүйесіне, шағын несиелендіруге бағытталды.
Ауылдық тауар өндірушілердің несиеге қолжетілімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілді. Осы мақсатпен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ құрылды. Ауыл жылдарында іске асырылған мемлекеттік азық-түлік бағдарламасының жалғасы ретінде 2006 жылдан бастап 2006-2010 жылдарға агроөнеркәсіп кешенінің орнықты даму тұжырымдамасы және оны іске асыру бойынша бірінші кезектегі шаралар бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаны іске асыру жылдарында экономиканың аграрлық секторында тұрақты дамудың оң серпіні байқалды. Өндіріс көрсеткіші тұрақты түрде өсіп, ауылда қаржылық қызмет нарығы дамыды, ауыл тұғындарының өмір сүру сапасы жақсарды. Түптеп келгенде, қабылданған шаралардың барлығы азық түліктің негізгі түрлері бойынша елдің қамтамасыз етілуіне мүмкіндік берді. Мемлекет өнім қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету бойынша шараларды қолға алды. Осы орайда өндірушінің өз өнім қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін «Азық-түліктік өнімнің қауіпсіздігі туралы» заң қабылданды.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы Тәуелсіздіктің 30 жылында түрлі кезеңдерден өтті. Ал қазір отыз жыл бойы төгілген тердің жемісін көріп отырмыз. Қазақстан агроөнеркәсіп кешені жақсы дамыған ел ретінде әлемге таныла бастады. Агросектордағы аршынды қадамдар ел экономикасын алға сүйрей берері анық.
Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.