Ұлт ұстазы, тіл білімі ғылымының атасы, реформатор, түркі жұртына ортақ ұлы тұлға Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған мерейтойлық пошта маркасы әзірленді.
Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба жазды.
«Пошта маркасы қай елді де болмасын әлемге танытуда сол елдің «визитті карточкасы» саналатыны белгілі. Дизайны «Қазпошта» АҚ-мен келісілген марка енді ұлы тұлғаны тек әлем жұртшылығына танытып қана қоймайды, сонымен қатар А. Байтұрсынұлы бейнесі сан ғасырлар бойы ұрпақтар жадында сақталатын болады.
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ақпаратына сәйкес аталған министрліктің 2022 жылғы 31 мамырдағы «Қазақстан Республикасы пошта төлемінің мемлекеттік белгілерінің түрлері мен көлемдерін бекіту және пошта айналымына енгізу туралы» бұйрығымен 2022 жылғы 3 маусымнан пошта маркасы 2 000 000 (2 миллион) дана мөлшерінде басып шығарылып, айналымға енгізілді.
Арнайы мөрқалыпты марка конверттері әлем филателистері коллекцияларынан орын алары сөзсіз», делінген жазбада.
Аяна ТОҒАНБЕК