Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында еліміздің болашағы үшін аса маңызды мәселелер қозғалды. Мемлекет басшысы экономикалық дербестік пен тәуелсіздікті нығайту, ұлттық құндылықтарды сақтау, әлеуметтік әділеттілік орнату және қазақ тілінің мәртебесін арттыру туралы өз ойларын ортаға салды.
Сұхбатта ел экономикасын әртараптандыру, өнеркәсіпті дамыту, шетелдік инвестицияларды тарту және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға басымдық берілген. Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің рөлі мен оның ғылым мен технология салаларындағы орнын күшейту мәселесі де жан-жақты талқыланды.
Бұл – ұлттың жаңғыруы мен даму жолындағы айқын бағдар. Президенттің ұстанымы ел болашағына деген сенімді арттырып, әрбір азаматты ортақ мақсаттарға жұмылдыруға шақырады.
Президент ел арасында көп талқыға ие болған уақыт белдеуі туралы да пікір білдірді.
– Әрине, мен жағдайды көріп-біліп отырмын. Үкімет өз шешімінің орынды екеніне сенімді және Қазақстан бір уақыт белдеуінде болуы қажет деп санайды. Уақытты дұрыс пайдалану туралы Барселона декларациясында әртүрлі уақыт белдеуін енгізуге, оны қысқы және жазғы уақытқа ауыстыруға әуес болмау қажеттігі айтылған. Дегенмен азаматтарымыз өтініш білдіріп жатыр. Үкіметтің шешіміне қатысты ашық талқылаулар жандана түсті. Меніңше, қоғамда көзқарас қайшылығын тудыратын мұндай мәселелерді мұқият талқылау қажет. Сондықтан Парламентте ғалымдардың, сарапшылардың және аймақ өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті. Тараптар уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына және азаматтардың тұрмысына әсері жөніндегі барлық пікірді ескере отырып, 1 наурызға дейін жан-жақты зерттеу жүргізуге уағдаласты. Содан кейін нақты ұсыныстар әзірленеді. Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімдімін.
Жандос ОМАРОВ, ҚР Журналистер одағының мүшесі