Жамбыл облысында өт жолдары ауруларын емдеудің озық әдістері енгізілді.
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасында өт жолдары ауруларын заманауи, аз инвазивті тәсілдермен емдеуге арналған шеберлік сабағы өтті. Іс-шара Алматы қаласындағы А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығымен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды. Бұл бастама жоғары технологиялы әрі сапалы медициналық көмекті аймақ тұрғындарына өз өңірінде қолжетімді ету жолындағы маңызды қадам болды.
Шеберлік сабағына А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының жетекші мамандары қатысып, жамбылдық әріптестерімен тәжірибе бөлісті әрі заманауи медицинаның мүмкіндіктерін іс жүзінде көрсетті.
Іс-шара барысында 1954 жылы туған Ш. есімді науқасқа механикалық сарғаю белгілерімен «холедохолитиаз, холедохтың соңғы бөлігінің тарылуы» диагнозы қойылып, заманауи эндоскопиялық әдіспен операция сәтті жасалды. Ота эндоскопист-дәрігер Мажит Әбдіқадыровтың қатысуымен өтті.
Сондай-ақ 1967 жылы туған Б. есімді науқасқа аз инвазивті әдіспен операция жасалып, тері арқылы бауырішілік холангиостомия жүргізілді. Ота ультрадыбыстық диагностика саласының жетекші маманы Чингиз Садыковпен бірлесіп орындалды.
Отадан кейінгі кезеңде науқастардың жағдайы оң динамика көрсетті: аурудың ауырсыну және өмірге қауіпті белгілері жойылып, өт шығару жүйесінің қызметі қалпына келтірілді. Пациенттер сенімді түрде сауығу жолына түсіп, айтарлықтай жеңілдік сезінуде. Бұл нәтижелер адам игілігі жолында қолданылып жатқан заманауи медициналық технологиялардың жоғары тиімділігін айқын дәлелдейді.
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің хирургия және инновациялар жөніндегі орынбасары Асқар Садықовтың айтуынша, шеберлік сабағы жоғары кәсіби деңгейде өтіп, еліміздің жетекші медициналық ұйымдары арасындағы ынтымақтастық өңірлік денсаулық сақтауды дамытуға, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға және ең бастысы — адамдарға тезірек сауығып, толыққанды өмір сүруге мүмкіндік беретінін көрсетті.