АКЦИЯ АЯСЫНДА 2200 ТҮП АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының ерекше маңыздылығын атап өткен болатын. Оның айтуынша, бұл бастама қазақстандықтарды, оларды туған табиғатқа қамқорлық жасау идеясының төңірегінде біріктіре алды. «Таза Қазақстан» акциясы дегеніміз не?, — деген сұраққа тоқтала кетсек ол — Қазақстан аумақтарын тазалауға және абаттандыруға бағытталған жалпыұлттық экологиялық бастама.

Жалпы ел болып атсалысқан шара Қордай ауданында жыл бойы қарқынын бәсеңдетпеді. Соның барысында аудан аумағында үнемі тазалық жұмыстары жүргізіліп, абаттандыру мен көгалдандыруға да аса мән берілді.

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халық даналығы акция аясында жүйелі іске асып жатқаны қуантады. Баба мұрасындай болған табиғатты бүгінгі ұрпақ күтіп ұстап, сақтауға барын салуда. Жас тал тігіп, болашаққа мұра етіп жатқаны да жанға медет екені анық. Соның айғағы сенбі күні Қордай ауылында жаппай сенбілік ұйымдастырылды. «Батыс» ықшам ауданындағы 7 гектар алқапты саябақ ішінде акцияға жиналған қордайлықтар ағаш екті. Оған аудан әкімі Бегзат Болатбеков, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, қызметкерлері, қарапайым жұртшылық қатысып, осы күні 1100 қарағаш пен 1100 түп шетен (ясень) ағаштарын отырғызды.

Алдағы уақытта аталмыш саябақ аумағында көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жалғасын табатын болады. Жас түптерді суару жұмыстары да жолға қойылмақ.

Акцияның басты мақсаты – қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру және нығайту мақсатында құрылған қоғамдық игілікке ұқыптылықпен қарау қағидаттарын қалыптастыру.

Leave A Reply

Your email address will not be published.