4 тамыз күні кешкі сағат 19:00 шамасында Қордай ауданына қарасты Алға ауылында табиғи сипаттағы төтенше жағдай тіркелді. Ауыл маңындағы таулы аймақта нөсер жауын мен бұршақ жаууының салдарынан ауыл ішіндегі арық жүйесіне көп мөлшерде жауын суы түскен.
Алайда, су ағатын жүйенің өткізу қабілетінің төмендігі салдарынан су арықтардан асып, Алдабергенов көшесінің бойына жайылған. Нәтижесінде көшенің шамамен 30 метрлік бөлігінде дейін су жиналып, №68, 72, 74, 76 тұрғын үйлерінің аулаларын су басқан. Абырой болғанда, тұрғын үйлер мен басқа да әлеуметтік нысандарға су кірмеген, адам шығыны немесе жарақат алу жағдайлары тіркелмеген. Сондай-ақ халықтың тіршілік етуіне тікелей әсер ететін ірі бұзушылықтар анықталған жоқ.
Оқиға орнына жедел түрде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмылдырылып, су сору және арық арналарын ашу бойынша жедел жұмыстар атқарылды.
Жағдайға орай, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков оқиға орнына арнайы барып, ахуалмен жеке танысты. Аудан басшысы су тасқынының себебін нақты анықтап, арық жүйесінің техникалық жағдайын толықтай зерделеуді тапсырды. Сонымен қатар, алдағы уақытта мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
«Ауылдың инфрақұрылымдық жүйесі – тұрғындардың қауіпсіз тіршілігінің кепілі. Осыған байланысты арықтардың өткізу қабілетін арттыру, тазартып тұру, жаңбырлы маусымға дайындық жұмыстарын күшейту – басты міндеттердің бірі», – деді аудан әкімі.
Бүгінгі таңда ауылдағы жағдай тұрақты. Тиісті қызметтер аумақты қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруда. Тұрғындарға қауіп төндірерлік факторлар жойылған.