Аудан әкімі Бегзат Болатбеков Қордай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Айдын Байбековке заманауи реанимобильдің кілтін салтанатты түрде табыстады. Айта кетейік, аудан бюджетіне алынған мұндай арнайы медициналық көлік Жамбыл облысы бойынша алғаш рет Қордай аудандық орталық ауруханасына беріліп отыр. Бұл аудан халқына сапалы әрі жедел медициналық қызмет көрсетуді жаңа деңгейге көтеретін айрықша қадам болып саналады. Mercedes-Benz маркалы B класындағы жедел медициналық жәрдем көлігі алдыңғы қатарлы құрал-жабдықтармен қамтылған.
Атап айтсақ, өкпені жасанды желдету аппараты, электрокардиограф BTL-08, пациент мониторлары, электрлік сорғыш құрылғы, портативті компрессионды небулайзер (ингалятор), кислород баллоны, жарақатқа арналған арнайы жинақтар, фельдшерлік алғашқы көмек чемоданы, тасымалдауға арналған иммобилизациялық шиналар жинағы, перфузор, сондай-ақ шұғыл көмекке қажетті өзге де жиынтықтар бар.
Жаңа көлік кез келген төтенше жағдайда, әсіресе жүрек-қан тамырлары аурулары мен ауыр жарақат алған науқастарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.Аудан әкімі Бегзат Болатбеков бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті:
– Қордай ауданы үлкен аймақ, халық саны да жеткілікті. Жаңа реанимобиль тұрғындарымыздың өмірін сақтап қалуда аса қажетті құрал болады, — деді. Өз кезегінде бас дәрігер Айдын Байбеков аудан басшылығына алғысын білдіріп, заманауи медициналық техниканың дәрігерлер жұмысына үлкен көмек болатынын атап өтті.
Жаңа реанимобильдің іске қосылуы Қордай ауданындағы медициналық қызмет сапасын жақсартуға, тұрғындарға көрсетілетін жедел жәрдемнің уақытылы әрі тиімді болуына сеп болмақ.