Кеше ғана асыр сала жүгіріп, балалық шақтың тәтті күндерін алаңсыз кешіп жүрген ойын баласы мектеп табалдырығын аттаған сәтте – өмірінің жаңа, жауапты кезеңі басталады. Көздері жәутеңдеген балақайды мектепте ең бірінші болып қарсы алып, білім әлеміне жетелейтін жан – ұстаз. Сондықтан да әр адамның жадында қолына алғаш қалам ұстатып, әріп танытқан аяулы ұстазы ерекше сақталады.
Гүлмира Жарқымбаева – талай шәкірттің жүрегінен орын тапқан осындай мейірбан мұғалімдердің бірі. Ол Қордай аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында қосымша білім беру педагогы, дәлірек айтқанда мектепке даярлық тобының ұстазы болып қызмет атқарады. Сырт көзге оңай болып көрінгенмен, бүлдіршіндерді оқыту әлдеқайда қиын. Кешегі ойын баласын тәртіпке үйрету, оқу-жазуға машықтандыру, жыл соңында ой-өрісі толысқан мектепке дайын оқушыны дайындап шығару – әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Ал Гүлмира Айдарқызы ұстаздық қызмет атқарған 16 жылдың ішінде бала қалауының байыбын білетін нағыз өз ісінің шеберіне айналған. Биыл оның ең алғашқы шәкірттері мектеп түлектері атанып, үлкен өмірге қадам басуда. «Ұстаз үшін шәкіртінің өмірде өз орнын тауып, биіктен көрінуінен асқан қуаныш жоқ. Оқушыларымның жеткен жетістіктерін көргенде сенім мен үмітім ақталғаны деп білемін»,-дейді ұлағатты жан.
Гүлмира Айдарқызы 1987 жылы Үлкен Сұлутөр ауылында дүниеге келген. №39 орта мектепте оқып, оны тәмамдаған соң Шу қаласында гуманитарлық колледжге оқуға түседі. Одан кейін Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Педагогика» мамандығы бойынша білім алады. 2008 жылы Қордай аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығына педагог-ұйымдастырушы болып орналасады. Үш жылдан кейін кіші академия тобының жетекшісі болып ауысып, міне сол уақыттан бері білімді әрі шығармашыл шәкірттерді тәрбиелеп шығаруға үлес қосып келеді.
«Осыдан 10-15 жыл бұрынғы балалар мен қазіргі балалардың айырмашылығы жер мен көктей. Қазіргі бүлдіршіндер ойындағысын ашық айтады, ештеңені жасырмайды, еркін өсіп келеді. Өздеріне сенімді, таңдау жасай алатын, алдына айқын мақсат қоя білетін жаңа буынның қалыптасып келе жатқанына қуанамын. Дегенмен, осы тұста ұстаздар мен ата-аналарға артылатын жауапкершіліктің жүгі барын ұмытпауымыз қажет. Балаға дұрыс бағыт-бағдар беріп, бала психологиясын және білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеріп отыруымыз қажет деп санаймын. Ал біздің шығармашылық орталықтың ұстаздары оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, олардың бойындағы қабілеттерін ашуға, одан әрі жетілдіруге барын салады. Осы мақсатта балаларды түрлі өнер байқауларына, сайыстарға қатыстырып тұрамыз. Жеткен жетістіктері үшін грамота, сыйлықтарын беріп, оқушыларды одан әрі жігерлендіруге тырысамыз», — дейді.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет, болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деген. Демек, еліне жанашыр, ұлтжанды, саналы ұрпақ тәрбиелеу міндеті бүгінгі ұстаздар қауымының мойнында. Ал кейіпкеріміз Гүлмира Айдарқызының бұл міндетті ойдағыдай атқаратынына ата-аналардың сенімі мол. Өйткені, олар айналасына мейірім шуағын шашып жүретін ұстаздың балаларға деген шынайы пейілін біледі.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ