АЛҒЫС АЙТЫЛҒАН КҮН

0

Қордай ауданында 1 наурыз – Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік кештің шымылдығын «Махаббат» халықтық би ансамблі әсерлі де көңілді биімен ашып, жиналған көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Салтанатты жиында аудан әкімі Бегзат Болатбеков сөз сөйлеп, қордайлықтарды айтулы мерекемен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы бұл күннің Қазақстан халқы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтіп, татулық пен ынтымақтың басты құндылық екенін жеткізді.

«Құрметті жерлестер! Сіздерді 1 наурыз – Алғыс айту күнімен, сондай-ақ барша мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – бірлік пен мейірімнің, өткенге тағзымның және болашаққа деген сенімнің мерекесі. Алғыс айту күні – жүрекке жылу сыйлайтын, қиын сәтте қол ұшын созған жандарға ризашылығымызды білдіретін ерекше күн. Бірлігіміз бекем, жүрегіміз таза, пейіліміз кең болсын! Берекелі ай әр шаңыраққа қуаныш, елімізге тыныштық пен амандық әкелсін! Осы жарқын мерекеде баршаңызға шынайы алғысымды білдіре отырып, әр отбасына амандық, құт-береке, ырыс-ынтымақ тілеймін!» – деді аудан әкімі.

Мерекелік жиын барысында Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды. Салтанатты рәсімнен кейін шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Кеш барысында ҚР Мәдениет саласының үздігі Қарлығаш Қожағазина, ұлттық өнердің нағыз жанашырлары саналатын «Ойжайлау» фольклорлық ансамблі, сондай-ақ Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығының өнерпаздары өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Жүректерге жылулық ұялатқан бұл кеш аудан тұрғындарына шынайы алғыс пен ризашылықтың, татулық пен достықтың қадірін ұғындыратын шуақты мереке болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.