АЛҚАБИЛЕРДІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ІС ЖҮРГІЗУ

0

Қазақстан Республикасының алқабилер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және «Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңынан, Қазақстан Республикасының қылмыстық процестік кодексiнен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

Алқаби – соттың қылмыстық істі заңда белгіленген тәртіппен қарауына қатысуға шақыртылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы.

Алқабилердің сот процесінде сотта қаралатын  дәлелдемелерді зерттеуге қатысып, төрағалық етуші арқылы сұрақтарын қойып, сот тергеуіндегі барлық әрекеттерге қатысуға толық мүмкіншілігі бар.

Алқабилердің қатысуымен сотта қаралатын санаттағы істер бойынша айыпталушы, сотталушы қылмыстық процестік кодексінің талаптарына сай, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында және де алдын ала тыңдауды өткізу аяқталғанға дейін өзіне қатысты қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен өткізу туралы өтінішін беруге құқылы. Осындай өтініш беріліп, оны қолдаған жағдайда міндетті түрде қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралады.

Қылмыстық істер құрамында 1 судья және 10 алқабилермен қаралады (алқабилерді іріктеу кезінде 12 адам сайланады, оның ішінде екі алқаби қосалқы болып табылады және егер алқаби негізгі құрамнан шығып қалса, қосалқы құрамның алқабиі істі қарауға қатысады.

Алқабиге облыстық және оған теңестiрілген соттың қызметiн материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етудi жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк орган нақты iс қаралып болғаннан кейiн, ал егер iстi қарау созылатын болса, ай сайын бюджет қаражаты есебiнен аудандық сот және оған теңестiрілген сот судьясының (1 жылға дейін өтілі бар) лауазымдық жалақысының жартысы мөлшерiнде, бiрақ алқабидiң сотқа қатысу уақытына (жұмыс күнiнiң санына) барабар, оның негiзгі жұмыс орны бойынша орташа жалақысынан кем емес мөлшерде сыйақы төлейдi. Алқабиге кандидатқа (алқабиге) iссапар шығыстары республикалық бюджет қаражаты есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелердiң қызметкерлерi үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және мөлшерде өтеледi. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқару уақыты еңбек стажын есептеген кезде есепке алынады. Алқабидің мiндеттерiн атқару кезiнде оның негiзгi жұмыс орны сақталады. Алқабидiң сотта мiндеттерiн атқаруы кезiнде оны жұмыс берушiнiң бастамасымен жұмыстан шығаруға немесе ақысы төмен жұмысқа ауыстыруға жол берiлмейдi. Алқабиге мiндеттерiн атқаруына кедергі келтiретiн тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылықта болады.

Алқаби, оның отбасы мүшелерi және олардың мүлiктерi мемлекеттiң қорғауында болады.

Алқабидiң өз мiндеттерiн атқармауы, «Алқабилер туралы» Заңда көзделген шектеулердi сақтамауы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауаптылыққа, сондай-ақ төрағалық етушінің алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүмкiндігіне әкеп соғады.

Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты

Leave A Reply

Your email address will not be published.