Алаяқтықтан қалай сақтану керек

0

Заң тілінде, алаяқтық дегеніміз бөтеннің мүлкіне қол салу, не болмаса түрлі алдау жолдары арқылы ұрлық жасап, өзгенің сеніміне қиянат жасау дегенді білдіреді. Жалпы, бұл әрекетті кәсіпке айналдырғандардың дені адамдардың психологиясын жақсы меңгерген жандар. Алайда, түрлі ескертулерге қарамастан адамдар ақшасы немесе бағалы заттарын алаяқтардың қолына өз еркімен беріп, кейіннен сан соғып жатады. Қысқасы, бүгінде алаяқтық, әсіресе интернет алаяқтық кең өріс алып, қоғамның басты проблемасына айналып отыр.

Негізінен тұрғындардың аңқаулығы, сенгіштігі мен қанағатсыздығы алаяқтар іс-әрекеттерінің негізгі мотивациясы болып табылады. Сонымен қатар, бұл істі кәсіби дағды еткен адамдарға бөтеннің мүлкін алдау арқылы алу негізгі табыс көзіне айналған. Сондықтан, алаяқтардың жемтігі болып қалмас үшін төмендегі ұсынымды назарға алған жөн:

1) Қымбат бұйымдарды, металлдарды, автокөліктерді, жылжымайтын мүлікті сатып алу барысында бейтаныс тұлғалардың көмегін пайданбаңыз.

2) Жалғыз өзіңіз қандай да бір бағалы заттарды сатпаңыз немесе сатып алмаңыз. Бейтаныс тұлғадан тауар алуға бел бусаңыз, алдын ала қаражаттарыңызды және жеке заттарыңызды кепілпұл ретінде беруден бас тартыңыз.

3) Сатып алу-сату келісім шарттарын міндетті түрде нотариус арқылы куәландыру қажет. Себебі, алаяқтар құжаттардың екінші нұсқасын қолдану арқылы сізге сатылып қойған жылжымайтын мүлікті қайта сатуы мүмкін.

4) Көпшілік жерлерде құмар ойындар ойнап, түрлі балгерлік жоруларға келіспеңіз.

5) Көпшілік орындарда жерде жатқан әмияндарды, сөмкелерді, ақшаны ешқашан жерден көтермеңіз.

6) Қандай да бір тауарды қолма-қол сатып алуға бел бусаңыз, онда келісімнен кейін алған тауарды міндетті түрде бірден тексеріп, серіктесіңізге қаражатыңызды бермей тұрып есептеп алыңыз немесе қаражатыңыз серіктесіңіздің қолында болып қайтса онда қаражатты қайта санап алыңыз.

7) Жұмысқа орналастыру, барлық мәселеңізді шешу, қысқа мерзімде миллион ақша көлеміндегі табыс көзі, ұтыстар және т.б. сол сияқты жарнамаларға сенбеңіз.

8) «Пирамида» принципіндегі құмар ойындарды ойнамаңыз. Себебі, сіз бекерге өз қаражатыңыздан айырыласыз.

9) Үйіңізге аяқасты келе қалған инспекторларды, босқындарды және т.б. алдау арқылы белгілі бір соммаға сізге жалған көмек көрсету үшін (үй жөндеу, айыппұлдарды төлеу сияқты) келген бейтаныс тұлғаларды кіргізбеңіз.

10) Қайырымдылық көмек сұрап келген тұлғалардың құжаттарын мұқият тексеріңіз. Себебі, соңғы кезде алаяқтар өз туыстары мен балаларының денсаулығының жоқтығын сылтауратып, жалған медициналық анықтамаларды көрсету арқылы әртүрлі операцияларға қаражаттарды алдап алу деректері көптеп орын алуда.

11) Арнайы мамандандырылған пунктерден басқа орындарда қаражатыңызды айырбастамаңыз.

12) Бейтаныс адамдар хабарласып, сізден жеке басыңызға қатысты түрлі ақпараттарды сұрап, смс кодты сұратса, дереу тұтқаны қойыңыз.

13) Интернет арқылы тауар сатып алуда барынша сақтық шараларына мән беріңіз, күмәнді трансакцияларға жоламаңыз.

14) Ал жоғарыда аталған алаяқтық операцияларға ұшырасаңыз, сізге дереу полицияға хабарласу немесе жолығу қажет. Себебі, жәбірленушілердің қылмысқа жол беруі алаяқтардың жауапкершіліктен жалтаруына жағдай туғызатынын ұмытпаңыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.