Алда жаңа өмір күтіп тұр

0

Құс балапанына не үйретсе, ақ үрпек қанаты қатайған соң сол тәрбиені алып ұшады. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бекер айтылмаса керек-ті. «Отан – отбасынан басталады».

Үйдегі ата-ана үйреткен жақсы тәрбиені бойына қондырып өссе, бала білім алатын ұйымда да сол әдепті ұстанатыны хақ. Яғни, темірқазықтай адастырмас қатал тәртіп пен жоғары жауапкершілікті бала тек шаңырақтан алып шығады. Іс-әрекеті қағілездік, жауапкершілік пен тәртіп, өзін-өзі қиын істерге қайрап, соңына дейін алып шығудағы табандылық пен ыждаһаттылық, сөз мәдениеті, тіл табысқыш қабілеті, алдын-ала болжай білу, тұрақтылық, үнемі өзін сын көзбен жіті бақылау, өзіне қамқор болу, өзгеге мейірімділік көрсету, өз сөзіне мән беріп, өзгенің сөзін бөлмей тиянақты тыңдау, пікірін нақты тұжырымдап жеткізе білу – мұның бәрі бойына ата-анадан келген тектілік пен отбасы тәрбиесіндегі қасиеттерден бастау алып, оқушы жасөспірім шағында пікірсайыс тәжірибелерінен үйрене жүріп, тұлға болып қалыптасады әрі дамиды.

Жалпы, дебат деген екі тараптың бір мәселенің екі жағында бітіспес қарсыласуы, бір-бірінің ұстанымын құлатуы, сөйтіп қайсысының аргументтері мәселені шешудегі қатыстылығын, дәлелденуін, маңыздылығын және шынайылығын анықтайтын зияткерлік ойын.

2021 жылдан бастап, ауданымызда оқушылардың  пікірсайыс қозғалысы жүзеге аса бастады. Ал 2022 жылы қосымша білім беру ұйымдарында үйірмелер ашылып, балаларға бос уақытында қызмет көрсете бастады. Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының қосымша білім беру педагогі Ү.Тұрлыбаев пікірсайыс оқыту технологиясын жетік меңгерген маман. Қордай ауылының мектеп оқушыларына пікірсайыс өнерін үйретіп келеді. Үздік шәкірттері  дебат турнирлерінде жоғары жетістіктерді көрсетіп жүр.

Абай Құнанбаев атындағы орта мектебінің бітіруші түлегі Айжан Жұмахан балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы «Жалын» дебат үйірмесінде қосымша білім алды. Үйірменің алғашқы түлектерінің бірі. Айжан – жоғарыда сипатталған пікірсайысқа қатысушы дарынды бала өлшеміне лайықты шәкірт. Сабақтардан ақпараттарды талдап, саралауды үйрене жүріп, командасына шынайы жанашыр көшбасшы бола білді. Ұстазына қолқанат болып, үйірме оқушыларына пікірсайыста қолданатын тактикалар мен стратегияларды үйретті. Дебаттың ерекшелігі сол – жас таланттар зияткерлік үрдісті меңгеру барысында сөйлеу, тыңдау мәдениетін бірлікте қолданады. Мұның бәрі ми операциялары арқылы жүзеге асатыны белгілі.

Сан қырлы талантты жасөспірімнің үйірмедегі екі жылда бағындырған белестері ауыз толтыра мақтан етерлік! 2022-2023 оқу жылында облыстық «Ахмет Байтұрсынұлы оқулары» байқауының «Жас зерттеуші» номинациясында 2-орын, облыстық «Туған өлкеңді таны!» жас зерттеушілер байқауында 1-орын, облыстық пікірсайыс турнирінің «Үздік аналитик» номинациясы дипломы, Төле бидің 360 жылдығына орай ұйымдастырылған аудандық дебат турнирінде 1-орын,  ал 2023-2024 оқу жылы бойынша облыстық «Оралхан Бөкей оқуларында» көркем сөз оқу номинациясы бойынша 1-орын, облыстық «Қысқы ертегілер» байқауында 1-орын, облыстық «Қасиетті жауқазын» байқауында 1-орын иеленген. Тағы да басқа үлкенді-кішілі шығармашылық байқаулар мен турнирлерде өзін нағыз талантты екенін дәлелдеп, үйірме оқушылары алдында шынайы көшбасшы ретінде алдыңғы қатардың легін бастады.

Мектебінің де үздік оқушысы әрі мақтанышы, ал сыныбының алдыңғы қатардағы көшбасшысы. Білімді жасөспірім биыл қызыл аттестатқа қол жеткізді. Анасы Ақерке: «Қызымның мектепті қызыл аттестатқа аяқтауына Үсен ағайдың еңбегі зор»,- деп алғысын айтып жүр. Алда Айжанды өміріндегі маңызды сәт күтіп тұр. «Біз ҰБТ-дан жоғары ұпай жинап, өзінің қалаған мамандығына түсуіне тілектеспіз!» дейді ұстазы Ү.Тұрлыбаев. Жаңа өмір айдынында желкенің берік болсын, жас дарын!

Анжела Изаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.