Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков Қытай Халық Республикасынан келген инвестор Lu Xiaohongпен кездесіп, ауданда салынатын әк зауытының құрылысын талқылады.
Жобаның жалпы құны – 60 миллион юань яғни 4,2 миллиард теңгені құрайды. Зауыттың жобалық қуаты – жылына 300 мың тонна әк өндіру.
Жоба іске қосылғаннан кейін 70 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Бұл өз кезегінде аудан экономикасына оң серпінін беріп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік тудырады.
Аудан әкімі Б.Болатбеков өз сөзінде аудандық инвестициялық штаб мүшелеріне бюрократиялық кедергілер жасамай, зауыттың іске қосылуына барынша қолдау көрсетуді тапсырды.
Сондай-ақ, зауыт іске қосылғаннан кейін жұмысқа тек жергілікті аудан тұрғындары тартылуы қажеттігін және салықтық түсім аудан бюджетіне маңызды екендігін қаперге салды.
Қытайлық инвесторлар да өз кезегінде жобаның маңыздылығына тоқталып, қытайлық жабдықтардың сапасы жоғары екенін атап өтті. Олар жобаның экологиялық талаптарға сай әрі қауіпсіз өндіріс болатынын жеткізді.
ALGA GAI YE әк зауыты – заманауи технологияларға негізделген, экономикалық тұрғыдан тиімді әрі экологиялық қауіпсіз өндіріс болмақ. Өндіріс процесінде арнайы технологиялар қолданылып, шаң мен зиянды қалдықтардың таралуы арнайы мамандардың қадағалауында болады.
Кездесу соңында аудан әкімі Бегзат Болатбеков жобаға жан-жақты қолдау көр-сетілетіндігін айтып, барлық жұмыстар заң аясында жүргізілетінін баса айтты.
Еске сала кетейік Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек. Елге инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыру керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуіміз тиіс» — деп атап өткен болатын.
Мемлекет басшысының «Қазақстанға инвестиция құюға ынталы кәсіпкерлердің жұмысын оңтайландыру» тапсырмасын орындау мақсатында ALGA GAI YE әк зауытының құрылысы биыл бастау алып, 2026 жылы іске қосылатын болды.