Осыдан бірнеше жыл бұрын Әлімбаев көшесі бойымен ағатын канал жанынан тұрғындар үшін арнайы аллея ашылған еді. Жан-жағы қоршалып, әдемі орындықтар қойылып, аппақ шамдар орнатылып, бір уақыт серуендеуге тамаша орын Қордайлықтарға тарту етілген еді.
Салтанатты түрде лентасы қиылып, ендігі уақытта осы маңға жақын тұратын адамдар әсіресе жаз айларында балалармен кешкілік серуендейтін орын болды, деп қуаныштарын жасырмағаны әлі есте. Сол аллеяның содан бері бір «жолы» болмай-ақ қойды. Қара күшін қайда жіберерін білмеген бәзбіреулер алдымен шамдарын қиратып, сол шамдар орналасқан трубаларын майыстырып кетіп жүрді. Кейін тіпті адам жүру мүмкін емес, қорқынышты орынға айналып шыға келген еді. Бұл мәселені аудандық газет бірнеше рет көтеріп, ауылдық әкімдік тарапына жеткізген болатын. Жақында аталмыш орынды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Қажетті қаржы да бөлініпті. Онда қырлы тастар (брусчатка) төселіп, жарықшамдары ауыстырылуда. Ауданымыздың көркін келтіретін нысанға тәжірибелі құрылысшы мамандар жұмыс жүргізуде. Жақын арада нысан тұрғындар игілігіне берілмек. Мұндай шаралар ауданымыздың одан әрі дамып өркендеуіне жол ашады. Өмірде өзектілігін жоғалтпайтын екі нәрсе бар. Ол – тәртіп пен тазалық. Екеуі де сақтаған жерде ғана жақсылық орны алмақ. Өкінішке орай, кейбір тұрғындар мұны жете түсінбей келеді. Осыны ескере отырып, әрбір аудан тұрғыны мен қонақтарына тазалыққа атүсті қарамай, ауылымыздағы әр орынды бағаласақ дейміз. Әдемі аллея енді қайта бүлінбейді дегенге үмітіміз басым.