АЛЛЕЯ ТҰРҒЫНДАР ИГІЛІГІНЕ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қуатты аймақтар – қуатты ел деген сөз. Біз осы қағидаға сай жұмыс істеуіміз керек. Себебі мықты мемлекет боламыз десек, ауылды дамыту аса маңызды», — деген болатын. Бүгінде ауданымызда және оған қарасты ауылдарда атқарылып жатқан келелі істер аз емес. Көшелердің асфальтталуымен қатар, аулалар мен балаларға жайлы ойын алаңдарын жасауда белсенділік көрінуде.

Жақын күндері Қордай ауылы, Елім-ай көшесінде орналасқан су қоймасы жағалауынан жаңа аллея тұрғындар қолданысына берілмек. Ағымдағы жылдың соңына дейін ашылуы жоспарланған аллеяда аудан тұрғындары мен қонақтары демалып қана қоймай, спортпен де шұғылдана алатын болады.  Мұнда балалар ойын алаңқайы, көше жаттығуына арналған стритворкаут алаңшасы салынып, жаяу жүргіншілер үшін тротуар және су арнасын жақыннан тамашалай алу мақсатында пирс орнатылмақ. Жобаның тапсырыс берушісі Қордай ауылдық округі әкімінің аппараты болса, мердігері ретінде аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорны танылған.

Сонымен қатар, аллеяның айналасы сәнделіп, маңайына қиыршық тас төселіп, орындықтар, жарықтандыру тіректері орнатылатынын айрықша атап өткен жөн. Маңайын көгалдандыру жұмыстары да қолға алынған.

Үлкендер жаздың аптап ыстығында өзен жағасында серуен құрып, саламатты өмір салтына ден қойса, балалар ойын алаңдарында алаңсыз асыр салатын болады. Көгалдандыру мен абаттандырудың әсемдігі өз алдына, мұнда қырыққа жуық шырша және отыздың үстінде «катальпа» сәндік ағашы отырғызылған. Ауданымыз көркейіп, берекесі арта берсін демекпіз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.