Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында туризм саласына ерекше тоқталып, оның әлеуеті зор екенін атап өтті. Алайда бұл саланың дамуында шешімін күткен күрделі мәселелердің де бар екенін жасырмады. Әсіресе кәсіби кадрлардың жетіспеушілігі мен инфрақұрылымның әлсіздігі — бүгінгі күннің өзекті түйткілдері. Осыған орай Мемлекет басшысы өңірлік деңгейде жүйелі және нақты іс-қимыл жоспарын қолға алып, туризм инфрақұрылымын кешенді түрде дамытуды жергілікті биліктің тұрақты басымдығына айналдыру қажеттігін қадап айтты.
Осы үндеудің шынайы көрінісі ретінде 2025 жылғы 13 қыркүйекте Қордай ауданында ерекше саяхат ұйымдастырылды. Алматы қаласының 10 тұрғыны үшін бұл күн – Жамбыл жерінің көркем табиғатына, бай тарихына және алуан мәдениетіне терең бойлаған ұмытылмас сапардың бастауы болды. Іс-шара Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының қолдауымен және «Интенсив-білім» ЖШС директоры Валерий Ромащенконың бастамасымен жүзеге асырылды.
Экскурсияны белгілі журналист, кәсіби гид, «Almaty Tour Studio» компаниясының негізін қалаушы Евгения Морозова басқарды. Ол өз ісінің нағыз шебері – жылдар бойы «КТК», «Алматы» телеарналарында редакторлық қызмет атқарып, бүгінде мәдени-ағартушылық бағыттағы сапарлар арқылы еліміздің тарихын насихаттауға барынша үлес қосып жүр.
Саяхат Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейінен басталды. Мұндағы алты зал – тұтас бір дәуірлер панорамасы іспетті. Қонақтар өлкенің табиғи байлығынан бастап, ерлікке толы шежіресіне, Кеңес кезеңіндегі бетбұрыстарға, Тәуелсіз Қазақстан жылнамасына дейінгі маңызды деректермен танысты. Экскурсовод Гүлмира Әбішева мен әдіскер Әлия Кизированың әсерлі әңгімелері көрерменді баурап алып, өлке тарихына деген қызығушылықтарын арттырды.
Музейден соң саяхатшылар Өтеген батыр ескерткішіне бағыт алды. Батырдың жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестегі ерлігі мен ел үшін төккен тері жайлы айтылған әрбір сөз жүректерге от берді. Ескерткіштің сәулеттік ерекшеліктері мен авторы туралы деректер де туристердің назарына ұсынылды.
Сапардың ерекше тұстарының бірі – далалық омартаға бару болды. Мұнда туристер тек аралардың тіршілігін сырттай бақылап қана қоймай, бал айдау процесіне өздері де қатысып, нағыз омарташы рөлін сезіне алды. Валерий Федоровичтің жылы жүзбен әрі құлшыныспен жеткізген дәрісі табиғи бал мен ара шаруашылығының пайдасын тереңірек ұғындырды. Туристер балдың дәмін татып, өз сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап алды. Бұл – тек гастрономиялық ләззат қана емес, білім мен тәжірибе алмасудың нақты үлгісі болды.
Келесі аялдама – Өтеген батырдың кесенесі. Қонақтар батырдың ерлік жолы мен ел үшін еткен еңбегіне тағзым етіп, дұға оқып, тарихқа құрметпен қарайтын орта қалыптастырды. Мұндай нысандар — ұрпақ сабақтастығы мен ұлттық рухтың көрінісі.
Сапар әрі қарай Масаншы ауылында жалғасты. Мұнда дүнген халқының бай мәдениетімен танысу ерекше әсер қалдырды. Мәдениет үйінде ұлттық киімдердің көрмесі, сәндік бұйымдар мен қалыңдық көйлектері көрсетіліп, «ЕРТӨСТІК» балабақшасының тәрбиешісі Ругиян Хурман әр бұйымның тарихы мен мән-маңызын таныстырып өтті. Үйлену тойының алғашқы және екінші күндеріндегі салт-дәстүр элементтері де егжей-тегжейлі көрсетілді.
Хореограф Мариям Джамбудурованың жетекшілігімен балалар мен ересектердің орындауында дүнген халық билері орындалды. Көрермендердің ыстық ықыласына бөленген бұл қойылымдар — мәдени көптүрліліктің айғағы.
Сапар Қазақстандағы жалғыз дүнген этнографиялық мұражайына экскурсиямен жалғасты. Тарих пәнінің мұғалімі, музей жетекшісі Муса Лочь қонақтарды дүнген халқының тарихи көш жолы, Қордай өңіріне қоныс аударуы мен тұрмыс-тіршілігі жайлы мол мағлұматпен сусындатты.
Күннің дәмді нүктесі – дүнген ұлтының ұлттық тағамдарынан тұратын түскі ас болды. Бұл тек ас мәзірі ғана емес, тұтас мәдени шараға айналды. Амина Тушанло басшылық ететін «ЕРТӨСТІК» балабақшасының ұжымы мен №12 мектеп мұғалімдерінің қонақжайлығы мен асқа деген құрметі ерекше көрінді. Әр тағамның шығу тарихы мен дайындау жолы қызықты түрде баяндалды.
Сапардың соңғы бөлігі – Кенесары ханның соңғы шайқасы өткен Кекілік Кебек өңірі болды. Бұл жерде орнатылған ескерткіш маңында туристер тарих рухын сезініп, ел үшін жанын пида еткен бабаларға тағзым етті.
Алматыдан келген қонақтар Қордай ауылына қайта оралған соң, «Аратау» ЖШС дүкеніне соғып, сапардан есте қаларлық кәдесый ретінде бал өнімдерін сатып алды. Бұл Қордай өңірінің табиғи байлығы мен еңбекқор халқының өнегесін паш ететін ерекше сәт болды.
Сапар қорытындысында топ жетекшісі Евгения Морозова өз әсерін былай деп бөлісті:
«Біз осы сапарға қатысқаныма өте қуаныштымыз. Қордайдың бай мәдениеті мен тарихи тамырларына терең бойладық. Мұражайдан бастап, омарта, кесене мен этнографиялық мұражай – бәрі бізге тың дүниелер сыйлады. Масаншыдағы дүнген халқының қонақжайлығы, билері мен тағамдары бізді ерекше қуантты. Біз Қордайға міндетті түрде қайта ораламыз».
Бұл сапар — мемлекеттік қолдау мен жеке бастаманың үйлесімді нәтижесі. Туризм – тек демалыс емес, ол – таным, тәрбиелік мән, ұрпаққа аманат.
Мадина УЗБЕКОВА