Қадірін білгенге алтын құйма сенімді инвестиция құралы бола алады. Оның нарықтағы өтімділігінің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке сол мезетте ақшасын төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алатындығында. Осыған қызықты ма екен, былтыр екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 1,6 тонна болатын 38 729 алтын құйма саудаланыпты.
Негізінде Ұлттық банк бұл бағдарламаны 2017 жылы іске қосқан болатын. Содан бері жалпы салмағы 5,4 тоннаға жуық 151 574 алтын құйма сатылған.
Алушыларға алтын құйма бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. 2021 жылы сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие болған түрі – 100 грамдық құйма. Сатылған құймалар арасындағы оның үлесі – 28%, яғни 10 910 дана. Одан кейін 5 грамдық құйма сұранысқа ие, 9 795 дана (25%) сатылды. 10 грамдық құймадан 9 409 дана (24%), 50 грамдық құймадан 4 818 дана (13%), 20 грамдық құймадан 3 797 дана (10%) сатылды. Алтын құймалар Алматы, Астана, Шымкент қалаларында көп саудаланыпты.
Бағдарлама басталғалы екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктері жалпы салмағы 737 кило болатын 28 156 алтын құйманы кері сатып алған. Бұл – жалпы сатылған құймалардың 19%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық банктің филиалдары арқылы халыққа қайтарымсыз талаппен сатылады. Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микромәтін және жиегі бар) және арнайы қорапқа салынып шығады. Сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап, сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес беріледі.
Қазір алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит банкі, сондай-ақ жекелеген банктік емес айырбастау пунктерінен сатып алып, кері сатуға болады.