Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына да санаулы күн қалды. 21 спорт түрінен өтетін сайысқа қатысатын спортшыларымыз оқу-жаттығу жиынын күшейтіп, әзірлікті нығайтып жатыр. Ұлттық құрамаға қабылданған саңлақтар елімізде алғаш рет ұйымдастырылып, жалауы желбірейтін айтулы аламанда бақ сынайды.
Дәстүрлі садақ атудан ұлттық құраманың бас бапкері Диас Ахметов 35 елден 200-ден аса мерген қатысатынын жеткізді.
«Саңлақтарымыздың әзірлігі жоспар бойынша жүріп жатыр. Басты қарсылас Түркия, Қырғызстан, Моңғолия елінен келетіні анық. Бірақ кейінгі жылдары Франция, Италия, Испания, Қытай, Иран, Түркиядан да қатысуға өтініш жолдаған үміткерлердің қырағылығы жоғары. Елімізде өтетін сайыста жанкүйерлердің үмітін ақтап, қыз-жігіттер жүлде алатынына сенімдіміз», дейді бас бапкер.
Осы уақытқа дейін ұлттық құрама мүшелері халықаралық сайысқа қатысса да, оқу-жаттығу жиынына да қажетті құрал-жабдықты негізінен Түркия, Мажарстан, Ресейден сатып алған еді.
«Кейінгі жылдары елімізде де садақ ату сайысына қажетті құрал-жабдық өндірісі жолға қойылды. «Алтын жебе» цехынан шығатын оқтарды пайдаланып жүрміз. Өте ықшам, ыңғайлы жонылып, халықаралық стандартқа сай жасалған», дейді ұлттық құрама мүшесі Ербол Тәпенов.