«Ауыл аманаты» жобасы талай ауыл тұрғынына өз ісін бастауға мүмкіндік беріп, берекелі тірліктің бастауы болды. Қордай ауданында да бұл жобаның игілігін көріп жатқан жандар аз емес. Солардың бірі Қордай ауылының тұрғыны – Марал Жазықбаева.
Марал Қоңыртайқызының кәсібі шағын қадамнан басталған. Ол алғашында үйінде қамыр илеп, тұшпара түйіп, оны өздерінің азық-түлік дүкеніне қойып сатқан. Қарапайым қызығушылық – бірте-бірте табыс көзіне айнала бастағанын байқаған кәсіпкер жартылай фабрикат өнімдерін дайындайтын арнайы цех ашуды армандайды.
– Тұшпара түюмен айналысып жүргеніме екі жыл болды. Алғашында жай ғана үйде түйілген тұшпарамды сөреге қойып көргенмін. Бір таңқалғаным – жұрт іздеп келіп алып кететін болды. Сұраныс артты. Сосын неге осы істі үлкенірек деңгейде қолға алмасқа, деп ойладым, – дейді Марал Қоңыртайқызы.
Жоспарын жүзеге асыру жолында ол «Ауыл аманаты» жобасы туралы естіп, құжаттарын жинап, бағдарламаға қатысуға өтініш береді. Көп ұзамай, 2024 жылдың желтоқсанында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, жаңа кәсіпке нық қадам басады.
– Жаңа жыл қарсаңында қаражат қолыма тиді. Жаңа жылды жаңа үмітпен қарсы алдым. Іштей қуанып, «биылғы жыл – менің жылым» деп ойладым. Бірден керек-жарақтың бәрін алуға кірістім: қамыр илегіш, мұздатқыш, пеш, ет тартқыш – бәрі де жаңа, сапалы. Бұл бағдарламаның шын мәнінде кәсіпке демеу екеніне көзім жетті, – дейді кәсіпкер.
Қазір Марал жеке цех ашуға бел буып, үйінің ауласындағы бос тұрған бөлмені жөндеп, жаңа техникасын сонда орналастырған. Әзірге денсаулығына байланысты өндіріс толық іске қосыла қойған жоқ. Дегенмен, кәсіпкер әйел алдағы күнге үлкен жоспарлармен қарап отыр.
– Бұйыртса, тек тұшпара емес, манты, тефтели, вареники, самса мен бәлішке арналған қамыр да жасаймыз. Бәрі табиғи болады. Ешқандай қоспа, химия қолданбаймын. Сиыр етінен жасаймын. Жай ғана үйдің дәмі сақталады. Қамыр илегіш аппаратым 1-2 сағаттың ішінде 16 келі қамыр дайындайды. Сол себепті жайма мен кеспені де сату жоспарда бар. Ал тұшпараны әлі де өз қолымызбен түйеміз, – дейді ол.
Алдағы уақытта Марал Жазықбаева цех жұмысын жүйелеп, жанына көмекші ретінде 1-2 адам алуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде ауылдағы жұмыссыз жүрген әйелдер үшін де таптырмас мүмкіндік болмақ.
– Үлкен мақсатым – сапалы, дәмді, әрі қолжетімді өнім шығару. Бір отбасының азығы бола алсам, соның өзі үлкен бақыт. Қазір бәрі біртіндеп жүзеге асып келеді. Жұбайым мен балаларымның қолдауы мен үшін ең үлкен күш, — дейді үш баланың анасы.
Қыздары мен ұлы анасының ісіне шын пейілмен қарап, барынша қолдау көрсетуде. Ал жолдасы бұл істі бастан-ақ демеп, бүгінде отбасы бірлесе отырып кәсіпке жан бітіріп келеді.
«Ауыл аманаты» секілді жобалар ауылдағы шынайы еңбек адамдарын қанаттандырып, өз ісін бастауға нақты мүмкіндік берері анық. Ендеше Марал Жазықбаеның бастағалы отырған кәсібі берекелі, табысты болсын деп тілейміз.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ