АНА – ОТБАСЫНЫҢ ЖҮРЕГІ

0

Әр ауылдың ерекше киелі үй болады, онда қайтып оралғың келіп тұрады, жаңа піскен нанның иісі аңқып, тыныштық пен береке орнаған шаңырақ па дерсің. Бетқайнар ауылында 90 жастағы батыр ана, еңбекқор, отбасының қамқоршысы Күлимаш МОЛДАБАЕВАНЫҢ отбасылық ордасы дәл осындай.

Баланың бал күлкісі сыңғырлаған үй – бақытты, ал Құран оқылып, бата беріліп тұратын отбасы – берекелі.

Сондай үйлердің бірінде тағдыры еңбекпен, сеніммен, қиындық, ұлы махаббатпен өрілген Күлимаш апа тұрады.

Қонақжай үй иелері қақпадан қарсы алады, бірден ерекше жылулық пен тыныштық атмосферасын сезінесің. Бұл жердің өзі мейірімділікке толы сияқты. «Бұл берекенің сыры неде? деп ойлайсың. Жауабы қарапайым: бұл үйдің жүрегі — Ана.

СҮЙІСПЕНШІЛІККЕ ТОЛЫ ҒҰМЫР

 

Күлимаш апаның тағдыры қиындыққа толы болды. Оның өмір жолы соғыстан кейінгі жылдарда, барлығын қайта құру қажет болған кезде басталды. Жастайынан жетім қалған ол нанның, еңбектің, адамдық жанашырлықтың қадірін түсіне білді. Күйеуі Сағынбай Молдабаевпен бірге шаруасын дөңгелетіп, бала-шағасын өсіріп, аптап ыстықтан да, бораннан да қорықпай шопан болып еңбек етті.

«Көп балалы отбасын бағып-қағу оңай болған жоқ, — деп еске алды кейуана. – Бірақ күйеуім екеуміз жұмыстан қорықпадық. Жазғы жайлау, қыстау, көшіп-қону. Бәрін бірге жасадық. Өмірде қиындықтар жоқ емес, бірақ олар адамды шыңдайды».

Күлимаш апа он баланы дүниеге әкелген батыр-ана. Әр баланың келуімен оның үйі жаңа нұрға, жылулық пен қуанышқа толды. Отағасы Сағынбай екеуі балаларын сөзбен емес, өнегемен сүйіспеншілікпен, сыйластықпен өсірді.

Бұл отбасында әр күн мейірімділікке толы болатын. Үлкендер жастайынан кішіге қамқорлық жасауды, қорғауды, қолдау көрсетуді үйренді. Терезе сыртында қараңғы түсе бастаған кештерде Молдабаевтар үйі балалардың күлкісімен, жақсы әңгімелерімен, аналарының дұғаларымен үндесетін.

Уақыт өте келе балалар есейді, өз отбасыларын құрды. Дәл алып бәйтеректей бір тамырдан тараған бұталары көбейе бастады. Күлимаш Оқапқызы өмірінің мәні ұрпақтан ұрпаққа ізгілік пен адамгершілік қасиеттерді жеткізіп отыру деп біледі.

Бірақ өмір болған соң, тағдыр сынағы да болады. Екі мыңыншы жылдардың басында Күлимаш апа көп жылдар бойы отасқан күйуінен айырылды, көп ұзамай екі ұлы қаза болып кетті. Әрине, қайғы ана жүрегінде терең із қалдырды. Сонда да қасірет оның жүрегін қатайтқан жоқ, керісінше, едәуір жұмсартып, жанашырлығы артты. Ол басқалардың қайғысын өз қайғысындай түсінуді және жан жарасын емдейтін сөздермен жұбатуды үйренді.

«Немерелерім мен шөберелерімнің көздеріне қарасам, ұлдарымның күліп тұрғанын көргендей боламын», — дейді ол көз жасын тыйып.

Бүгінде әжені үлкен отбасы: балалары, немерелері, шөберелері, тіпті шөпшектері де қамқорлыққа алып отыр. Ол үйдің рухани қолдаушысы болып қала береді.

«Анам әр таңды дұғадан бастайды, — дейді қолында тұратын кенже ұлы. — Ол бәріміз үшін, халық үшін, ел үшін дұға етеді».

ЕРЕКШЕ КҮШ-ЖІГЕР ИЕСІ

Күлимаш апаның өмірі қайсарлық пен әйелдік ұлылықтың үлгісі. Ол аштықты, соғысты және ауыр еңбекті бастан өткерді, бірақ жүрегі жұмсақ, көзінде нұр жайнап тұр.

«Біз қазір алтын ғасырда өмір сүріп жатырмыз, — дейді апа. — Біздің ұрпақ мұндай өмірді армандай алмадық та, сендер бақыттысыңдар».

Күлимаш апа жасының ұлғайғанына қарамастан, болып жатқан оқиғаларға қызығушылық танытып, жастармен оңай тіл табысады. Оның көзқарасы дұғаның нұрындай мейірімді және мөлдір, үйді барлық қиыншылықтардан қорғайды. Қоштасарда осы кейуанадан ерекше күш-қуатты сезіндік – салмақты, мақтанғанды жақтырмайды, сонымен қатар шынайы. Махаббаттан, сенімнен және алғыстан туған күш.

Сұхбат соңында апамыз батасын беріп шығарып салды.

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.