АНА ТІЛІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ МӘЙЕГІ

0

Тіл – адамзаттың дамуына басты түрткі болған жол сілтеуші. Тілдің арқасында біз әлеммен бірге дамып жатырмыз. Адамдармен коммуникацияға түсу арқылы жаңа, тылсым дүниелерді танып білуімізге де тілдің тигізер пайдасы мол.

Қазіргі қоғамда тілді, бар болғаны, «адамның ойын жеткізуге қолғанат болатын дыбыстар жиынтығы» деп есептеп, өз ана тілінде иек қақпайтыны былай тұрсын, мүлдем оны түсінбейтіндер күннен күнге көбейіп бара жатқандай. Әлемаралық тіл – ағылшын тіліне құштарлық танытып, үйренуге талаптанатындар саны артып жатқаны, әрине, қуантарлық жәйт. Дегенмен, әр пенде өз ана тілін ұмытпағаны абзал.

Қазақ тілінің байлығы мен терең мағыналығы ежелден халық санасының, ақыл-ойының еркін де жоғары дәрежеде екенін көрсетеді. «Он күнәнің тоғызы – тілден» деп көрсеткен елдің аузынан шығар әрбір сөзін «атылған оққа» теңейтіні бар. Бұл дегеніміз, әрбір адамның өзіндік қадірі мен сөз құнына ерекше назар аударғандығының дәлелі. Тілге келгенде «тіл – ұлттың анасы» деуі де сондықтан. Заман ауысқан тұстарда ұлттың өз тілінен айырылып қалуға шақ қалған сәттері, өмірі үзілер сәттен аман қалғандығы халықтың елдік мүдде сезімі төмендей қоймағанының тарихи оқиғалы айқын деректемесі.

«Тәуелсіздікті алудан, ұстап тұру қиын» дегендей, өз таңымыз атып, күніміз туды дегенімізбен ұлттық тамырдан ажырап қалу қаупі қай заманда да бар. Ұққан адамға ұлттық кодтың негізгісі, әрине – тіл. Біз осыны жетік білуіміз керек. Өйткені, кез келген ұлттың тарих сахнасынан жойылып кетуінің бастамасы – ана тілінен айырылу екенін сезінуіміз шарт.

Тілдің айналасында қозғалар мәселелер қазіргі қазақ қоғамында өзекті әрі күрмеуі қиын дүние. Барлығына тарих беттеріндегі кеңестік үкіметті кінәлағаннан бүгін нәтиже шықпасы белгілі. Сондықтан, ендігі өзіміздің азат таңдағы, көк аспан аясындағы бейбіт күнде өмір сүрген қалпымызда ұлттық құндылықтарымызды ұрпақ бойына сіңдіруіміз керек. Бұл дүниені әрбіріміз ұлттық парыз деп түсініп жасар болсақ қана келер уақытта қазақтыққа қауіп төнбейтіні анық. Ендеше, ұлттың негізгі тірегі мен жүрегі – тіл екенін естен шығармағанымыз жөн.

Соттардағы осындай көңіл қуантарлық бастамалар еліміздің басқа да мекемелеріне үлгі болғаны жөн. Себебі, ана тіліміздің болашақтың тірегі екенін жадымыздан шығармай, мемлекеттік тілімізді насихаттау мен сақтап қалуға әрбір ел азаматының атсалысқаны – бәріміз үшін үлкен парыз.

З.ТАЛМУХАНБЕТОВА, Қордай аудандық сотының бас маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.