Тербетілген әлдиімен кең дала,
Құшағына құштар оның әр бала.
Ойға алғанда жүрегіңдің жібітер,
Дүниедегі ең нәзік сөз ол «Ана»!
Өмір жолы салса дағы сарсаңға,
Берілмейтін, жеңілмейтін сан сыңға.
Бауыр етін бар қайғыдан қорғайтын,
Ғаламдағы ең қайсар жан ол «Ана»!
Ана жайлы жырлап тұрар бар әлем,
Ана жайлы шырқап тұрар құс әуен.
Ана жайлы сөздердің бар асылы
Ана деген саялы бақ, жаз дәурен.
Анам менің жаны таза жайдарлым,
Кешірімді мінезіңе қайранмын.
Айтарымды көзден ұғып, түсінген
Сөзсіз сезген жүрегіңнен айналдым.
Көрген сәтте келбетіңді, естілгенде пәк үнің,
Уайым сейіп, қуанамын табылғандай керегім
Жаным жылып, ерекше күй сыйлайды,
Болмысымды ұқсатса саған ел менің!
Мен үшін деп түнде кірпік қақпадың,
Кем тұсымды бетке басып айтпадың.
Жаза басып, қателескен кезімде,
Күле білдің, жекімедің, ұрыспадың.
Жыртығымды үнсіз келіп жамадың,
Есейсем де періштем деп атадың.
Үлгі болып жолын кеспей еркектің,
Беттен алып, төске шауып жатпадың.
Түзу жолға салған дағы сен едің,
Жарамды да сүйіп жазып емдедің,
Қатарының қалмасын деп артында,
Аянбадың, еңбек еттің, терледің.
Мен қиналсам сендік жүрек жылады.
Мен қуансам, жарылуға сәл қалды.
Жасандылық өн бойына жат қылық,
Орын алдың жас жүректен сол қалпы.
Тек бақытты шақ көруді нәсіп ет!
Анашымның көрер күнін жарық ет!
Сегізінші қазынам деп санаймын,
Әлемдегі сегізінші керемет.
Құшағында еркелейін, күлейін
Бағың үшін барымды құрбан етейін
Екі өлеңнен бірін саған жазбасам,
Ақындықтан садаға мен кетейін!
Гүлден ҚАЛХОЖАН, Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы орта мектебі, 10 «А» сынып оқушысы, Жаңатұрмыс ауылы