Жұмыстары сауаттылық пен біліктілікті және төзімділікті қажет ететін мамандар – тергеушілер. Олар қылмыскерлерді ұстап, бұлтартпайтын айғақтармен Қазақстан Республикасының заңына сүйене отырып, тергеу амалдарын жүргізіп, қылмыстың ақ пен қарасын айырады. Осы салада қызмет ететін жігерлі мамандардың бірі – Қордай аудандық полиция бөлімінің тергеушісі, полиция капитаны Шыңғыс ӘДІЛХАН.
Бұл қызмет – аса сауаттылық пен білімді, шыдамдылықты талап ететін, жауапкершілігі мол іс. Олардың мақсаты – нақты айғақ жинап, қылмыскерді дәл табу. Аталмыш сала ішкі істер органдары жүйесінде ерекше орынға ие. Сол себепті бұл қызметке таңдаулы мамандар ғана шақырылады.
Жас та болса жауапкершілік жүгін арқалап жүрген Шыңғыс Айтматұлы Қордай ауданы, Сұлутөр ауылында дүниеге келген. 2015 жылы ауылдық орта мектепті аяқтаған соң, Қазақстан Республикасы ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясына «құқыққорғау» факультетіне қабылданып, 2019 жылы тәмамдап шығады.
Алматы қаласындағы оқуын бітірген соң, Қордай аудандық полиция бөліміне келіп, криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі ретінде қызметке қабылданады. Араға бес жыл салып, өзінің білікті маман екендігін көрсеткен кейіпкеріміз, осында тергеуші қызметіне тағайындалады.
«Тергеуші мамандығы ол өте оңай іс емес. жұмысты бастап, жан-жақты тергеу жұмыстарын жүргізіп, кінәлілердің кінәсі дәлелдеп, прокуратураға жолдаймыз. Ал прокуратура болса, біздің жасаған жұмысымыздың заңдылығын бүге-шегесіне дейін тексеріп, дұрыс деп таныса, ары қарай сотқа жолдайды. Сот қарауынан кейін судья шешім шығарып, кінәлі адамға үкім шығарған кезде жұмыстың толық аяқталғанын сезесің», — деп бөлісті жас тергеуші.
Күндіз-түні келген талап-арыздың ақ-қарасын анықтап, кінәліні табуда еңбек ететін аталмыш маман иелерінің қызметі қауырт. Әрбір азаматтың өмірі мен қауіпсіздігінің, қоғам тыныштығының күзетінде жүрген өз ісінің маманы, тергеуші капитан Шыңғыс Айтматұлына кәсіби мерекеңіз құтты болсын дейміз!
Әділет ДҮЙСЕНҰЛЫ