Степное ауылдық округіне қарасты Арал ауылында ерекше қоныс той тойланды. Ауылдық округ әкімдігі мен «Асар уме» қайырымдылық қоры бірлесе «Асар» жобасы аясында бір отбасын баспаналы етті. Салтанатты лента қию рәсіміне ауылдық округ әкімдігі мен қайырымдылық қордың өкілдері, ауыл ақсақалдары жиналды.
Арал ауылының тұрғыны, жалғызбасты ана Әлия Нұрымбетова кәмелеттік жасқа толмаған бес баласымен осыған дейін жалдамалы үйде күнелтіп келген болатын. Ауыл «Атымтайларының» демеушілігі және аталмыш жобаның қолдауымен енді бес бөлмелі, еңселі үйге көшіп барды. Лента қию рәсімінде сөз алған ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Аршат Ибрагимов, Степное ауылының биі Аманқан Рысмбетов ақсақалдар ақ баталарын беріп, құтты болсын айтса, ауыл имамы Әлібек Ильясов дініміздегі жомарттық, қайырымдылықтың мән-маңызы турасында сөз етті. Үй иесіне өзінің жақсы тілектерін аталмыш қордың Қордай ауданындағы өкілі Бақыт Асубаевта жеткізді. Лента қиылған соң қазақи дәстүрге сай шашу шашылып, ауылдық округ әкімдігі атынан шағын сыйлық табыс етіліп, қонақтар үйді аралап көрді.
-Осындай үлкен үйлі болуымызға атсалысқан барлық қайырымды азаматтарға айтар алғысым ерекше. Қуанышымызда шек жоқ. Осындай баспана үйсіз жүрген, көп балалы, мұқтаж жандарға жұғысты болсын, барлығына үлкен рахмет, — дейді Әлия Нұрымбетова.
Осыдан кейін жиналған қауым қоныс той дастарханынан дәм татып, Құран сүрелерін бағыштап, үй иесіне жақсы тілектерін айтты.
-Бүгін Арал ауылында осындай тамаша шара ұйымдастырып отырмыз. «Асар» жобасына қолдау көрсеткен жерлестерімізге және «Асар уме» қайырымдылық қорына алғысымыз көп. Қазіргі таңда Степное ауылында осы жоба арқылы жаңа бір үйдің қабырғасы қаланып жатыр. Ол да осындай мұқтаж отбасына берілетін болады. Жалпы ағайын-ауылдас болып қол ұшын созып жатқан жандардың арқасында биылғы жылдың соңына дейін ол үйді аяқтаймыз деген жоспарымыз бар, — дейді округ әкімі Қайрат Жолдасбаев