ЖЕҢІС КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА АУДАН ӘКІМІ МӘДЕН МҰСАЕВ, АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ДАМИРА СҮГІРБАЙ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ҚОРДАЙ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ МЫРЗАҒАЛИ КҮЗЕРБАЕВ, АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ БІРЖАН ӘЛІМБЕТ ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІН ҚҰТТЫҚТАП, ҚАРИЯЛАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ.
Аудан басшысы бастаған топ бұл күні алдымен Николай Кожушконың үйіне барды. Қонақтар қарияны төл мерекесімен құттықтап, емен-жарқын әңгіме құрды. Осы тұста аудан өнерпаздары патриоттық әндерден шашу шашып, қарт жауынгерге тамаша көңіл-күй сыйлады. Өз кезегінде қонақтарға алғысын айтқан Николай Кожушко оларды шын мәнінде асыға күткенін де жасырмады. Аудан басшысы майдангерді мейрамымен құттықтап, аудан тұрғындарының атынан алғысын айтты.
Ардагер аудан басшылығы мен өнерлі жастарға сәттілік тілеп, батасын берді.
«Біздің басымыздан өткенді еске алудың қажеті жоқ. Біз өз борышымызды өтедік. Бастысы елімізде тыныштық болсын, бүгінгі ұрпақ «соғыс» деген сөзді естімесін. Барлығы артта қалсын. Ондай қайғы-қасіретті көруді ешкімге жазбасын», — деді ардагер.
Николай Федорович шырқалған патриоттық әндерге қосылып, отты жылдар жайындағы естелігімен бөлісті. Бүгінде 90 жасты алқымдаған ардагердің көңіл-күйі көтеріңкі, қимылы ширақ. 1944 жылы майданға аттанған Николай Федорович Қытай және Маньчжурияда жапон әскерлеріне қарсы жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқан.
Осы күні қонақтар Михаил Петрович Бакшеевтың үйіне соғып, оларды қызы Лидия Михайловна қарсы алды. Михаил Петрович кеудесіне орден-медаль толған мерекелік кителін киіп, қонақтарын төрге шығарды. Дамира Маратқызы қарияға Құттықтау хатын табыс етіп, ізгі тілегін арнады.
Михаил Бакшеев соғысқа 1943 жылы небәрі 17 жасында аттанған. 391-атқыштар және 4-гвардиялық дивизияның құрамында сонау Чехия және Австрия жеріне дейін жауды түре қуған жауынгерлердің бірі. Вена қаласына жасалған шабуылға қатысқан қария зұлмат жылдардың оқиғаларын әлі ұмытқан емес. Бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін ерекше түсінетін Михаил Петрович қонақтарға зор алғысын жеткізіп, ізгі тілектерін де айтты.
Сонымен қатар, ардагерлерге аудандық полиция бөлімінің басшылығы мен шекара қызметкерлері де құрмет көрсетті.
АРДАГЕРГЕ ҚҰРМЕТ — ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ
Next Post