Жуырда Кенен ауылында ардагер механизаторларды ардақтаған келелі жиын өтті. Ауылдық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен шарада ұзақ жылдар механизатор болып, еңбек майданында тер төккен жандарды еске алып, бүгінде жанымызда жоқ жайсаңдардың құрметіне тағылымды істер атқарылды.
Алдымен ауыл үлкендері жиылып, механизатор Несіпбай Абилғазиннің қара шаңырағында оған ескерткіш тақта ашып, салтанатты шараға қатысты. 1938 жылы өмірге келген ол бар саналы ғұмырын ауыл шаруашылық саласына арнаған жан. Жастайынан түйе бағып, тіршіліктің ыстық-суығына пісіп өскен азамат кейін колхозда комбайн тізгіндеп, ұзақ жылдар мықты механизаторлар қатарынан түскен емес. Еңбегі еленіп, екі рет «Еңбек қызыл ту» орденімен марапатталған. Бүкіл одақтық көрмелерге қатысып, онда түрлі марапаттарға ие болған. Аудандық, облыстық халық депутаттары қатарына сайланып, қоғамдық өмірге де белсене араласқан Несіпбай Абилғазин үш ұл, бес қыз өсірген ардақты әке болған. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында ауыл әкімі Нүркен Жаманкөзев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрсынбек Сегізбаев, зейнеткерлер Оңғар Алдасүгіров, Марат Оспановтар сөз сөйлеп, ардагердің арда жолы турасында толқыды. Ашылудан соң мәдениет үйінде жалпы ауыл механизаторларын еске алуға арналған жиын өтіп, онда еңбегімен еленген жандар турасында бір кездері қызметтес болған Бейсен Бейсебеков, Жамбыл Сатыбалдиев, Амангелді Садыханов, Тұрсынбай Ахмадиев ақсақалдар сөз сөйлеп, осыдан 30-40 жыл бұрын үзеңгілес болған азаматтар жайында өз естеліктерімен бөлісіп, қызығы мен қиыншылығы мол кезеңдерді бірге еске алысты. Осыдан соң бұл күнде өмірден өтіп кеткен механизаторларды, жалпы ауылға еңбегі сіңген азаматтарға Құран бағышталып, дастархан жайылды.
АРДАГЕРГЕ ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА АШЫЛДЫ
Prev Post