АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ ЕСЕБІ

0

18 ақпанда «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қордай аудандық филиалының XIII есеп беру–сайлау конференциясы өтті. Маңызды жиынға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жауапты хатшысы Қонысбай Ильясов, сондай-ақ атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің 2021–2025 жылдары атқарған жұмысының есебі тыңдалып, алдағы кезеңнің басым бағыттары айқындалды. Баяндамада ұйымның ардагерлерді әлеуметтік қолдау, қоғамдық келісімді нығайту, жастарға патриоттық тәрбие беру бағытындағы жүйелі жұмыстары кеңінен қамтылды. Сонымен қатар тексеру комиссиясының есебі қаралып, тиісті шешім қабылданды.

Жарыссөз барысында Тұрған Жасыбаев, Бақыт Байтөле, Анатолий Шупта және басқа да қатысушылар сөз алып, ұйым қызметіне оң бағасын берді. Олар ардагерлер қозғалысының қоғамдағы беделін арттыру, әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру, бастауыш ұйымдардың белсенділігін күшейту мәселелеріне тоқталды.

Конференция шешімімен аудандық ардагерлер кеңесінің 2021–2025 жылдардағы жұмысы «қанағаттанарлық» деп танылды. Ашық дауыс беру нәтижесінде кеңестің жаңа құрамы сайланды. Сондай-ақ белгіленген квотаға сәйкес «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалы IX конференциясына делегаттар анықталды.

Жиын аясында жаңа құрамдағы кеңестің І ұйымдастыру отырысы өтіп, жоғары тұрған ұйымның ұсынысымен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Біржан Әлімбет бірауыздан қайта сайланды. Төрағаның орынбасары, Пленум және Президиум мүшелері бекітілді.

Конференция барысында бірқатар белсенді ардагерлерге облыстық ардагерлер кеңесінің, аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды.

Алқалы жиын қорытындысында қатысушылар ұйымның алдағы жұмысы бірлік пен сабақтастық қағидаттарына негізделетінін атап өтті. Ардагерлер қозғалысының беделін арттыру, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, әлеуметтік бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыру бағытындағы міндеттерді бірлесе атқару жөнінде уағдаласты.

Сонымен қатар Біржан Әлімбет 15 наурызда өтетін жалпыұлттық референдумға белсенді қатысуға шақырып, Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси реформаларға қолдау білдіретіндерін жеткізді. Ол жаңа конституциялық өзгерістерді түсіндіру бағытындағы жұмыстарға ардагерлер қауымы да атсалысатынын айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.