Тоқсаныншы жылдары Қарабақтағы қақтығыстарға қаншама қандасымыз қатысып, өзіне жүктелген жауынгерлік міндетті адал атқарды. Бүгінде олар бейбіт өмірдің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Ал соңғы жылдары өз мәртебесін алған Қарабақ ардагерлері патриоттық тәрбиеге аса мән беріп, өмірден өткен қаруластарын әрдайым еске алып келеді.
Соның бір айғағы – жақында Бетқайнар ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебінде өткен кездесу. Аудандағы Қарабақ ардагерлері ұстаздар мен оқушылармен кездесіп, бүгінде бақилық болған ардагер Сүлеймен Алиевке арнайы дайындалған стендтің ашылу салтанатына қатысты.
Жиынға ауыл әкімі Бақытжан Құттықов, Әзербайжан этно-мәдени орталығының төрағасы Хаджибала Абдуллаев, мектеп директоры Аида Бейсебекова, ауыл ақсақалдары Қали Кемжебаев, Тоқтар Мұстафин, Латиф Абулқасымов, Нұралы Бахшалиев, аудандық мәслихат депутаты Мұхтар Далбаев, аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Ғалмат Даминов, Қордай ауданы бойынша Таулы Қарабақ ардагерлері кеңесінің төрағасы Бақытжан Айтқожин, сондай-ақ ардагерлер Муса Уширов, Керим Маров, Нұрлан Мирасилов, Николай Вагулов, Маджин Исхар, Лугмар Мадиван, Харки Кар, Исмар Лочь, Арли Двумар, Шемур Малинов, Керім Сваров, Неби Урахунов қатысты.
Кездесуде сөз алғандар сол отты жылдарды еске алып, өздері оқыған мектепте Сүлеймен Алиевке арналған стендтің ашылуы – оған деген ерекше құрмет екенін жеткізді. Сондай-ақ көрермендерге арнайы дайындалған бейнеролик көрсетіліп, генерал Мақсұт Нұримановтың құттықтауы тыңдалды.
Жиын соңында Таулы Қарабақ ардагерлеріне үнемі қолдау көрсетіп жүрген жандарға ұйым атынан Алғыс хаттар табысталды. Осыдан кейін ауыл мешіті жанындағы асханада Құран оқылып, ас берілді.