Қордай ауданының бір топ ардагерлері, «Аналар алқасы» кеңесінің мүшелері 7-8 қыркүйек аралығында Түркістан облысының киелі жерлеріне барып, қыдырып қайтты.
Әр ауылдан тізімдер жасақталып, 17 ардагер тәу етіп келді. Киелі жерлерді аралап шығуды мұрат тұтқан ақсақалдардың арасында жасы 70-тен, 85-тен асқан қариялар мен аналар болды. Олар бекітілген бағдарлама бойынша Домалақ ана кесенесін, Айша бибі кесенесін, Ақмешіт үңгірін, Укаша ата кесенесін, Арыстан баб кесенесіне зиярат етті.
Сонымен қатар, облыс орталығы болғалы көркейіп, әсем құрылыстар жүргізіліп, әсем шаһарға айналған Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне де зиярат етіп, танымал орталық «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешенін аралады. «Керуен-сарайда» «Қыз-Жібек» музыкалық шоу-бағдарламасын тамашалап, «Ұлы дала елі» мұражайын аралады.
Саяхат барысында шетелден келген туристер біздің кимешекпен жүрген Аналарға қызығып, естелік суреттерге түсіп жатты. Ардагерлер саяхат барысында ұмытылмастай әсер алғандықтарын айта келе,осы туристік сапарды ұйымдастырған Жамбыл облысының туристік фирмасының директоры Қойбағаров Жангелді Сағымбекұлына, экскурсовод Усербаева Жанат пен Жұмағали Ақсәулеге Алғыстарын білдірді.
Қордай аудандық ардагерлер кеңесі