АРДАГЕРЛЕР ЖҰМЫСЫ АУҚЫМДЫ

0

Осы аптада аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің XII есеп берусайлау конференциясы өтті. Конференцияны ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет ашып, жиынға аудандық мәслихат хатшысы Нурдин Садықов, аудан әкімі аппаратының басшысы Елдос Нұралиев, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің Пленум мүшесі Амангелді Садыханов және аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты. Індетке байланысты ауылдық округтерден сайланған делегаттар және аудан әкімдігінің бөлім басшылары,ауылдық округтердің әкімдері және аудандық мекеме басшылары жиынды онлайн режимде бақылып отырды.

Жиын барысында ең алдымен конференцияның басшы органдары, жұмыс президиумы мен секретариаты сайланып, ардагерлер кеңесінің 2016-2021 жылдары атқарған жұмыстары және алдағы жылдардағы міндеттері жайындағы есебі тыңдалды. Ауқымды баяндаманы көпшіліктің назарына ұсынған Біржан Әлімбет бес жылда атқарылған жұмыстың түйінін тарқатты.

«Қордай аудандық ардагерлер ұйымы ауданымыздағы ең іргелі, салмақты, үкіметтік емес, қоғамдық ұйымдардың бірі. Құрамында бүгінде 12 мыңнан астам мүше бар. Ардагерлер ұйымдарының негізгі мақсаты ҰОС және тыл ардагерлерінің, еңбек ардагерлерінің, қарт кісілердің, жалғызілікті, мұқтаж қариялардың өмір сүру жағдайын жақсартуға, ардагерлерді қоғамдық жұмыстарға тартуға, олардың құқықтарын қорғауға арналған», — деп сөзін бастаған Біржан Әбдікерімұлы есепті мерзімде атқарған жұмысы жайлы сөз өрбітті. Оның айтуынша, ардагерлерге медициналық көмек көрсету, шипажайларға жолдама беру мәселесі әрқашан басты назарда тұрады. Жыл сайын 15-20 шақты ардагер түрлі шипажайларға тегін барып, емделіп келеді. ҰОС ардагерлеріне арналған әскери госпитальда жылда соғыс ардагерлері, Ауған соғысының қатысушылары, Семей, Чернобыль апатына қатысушылар емделеді. Бұған қоса «Балауса» балалар демалыс орталығында 2018-2019 жылдары ардагерлерге 2 апталық демалыс ұйымдастырылды. Онда 4 мезгіл ыстық тамақ, физио ем, массаж, дәрігерлік көмегі ұйымдастырылған.

Сонымен қатар, ауданда қариялардың көңілін көтеруге бағытталған іс-шаралар да аз емес. Мысалы, 2016 жылы 30 шақты еңбек және тыл ардагерлері Түркістан, Арыстан баб, Домалақ ана, Ақ мешіт сияқты еліміздің киелі жерлеріне барып, серуендеп қайтты. Ал, 2017 жылы 50-ден астам тыл және еңбек ардагерлері Нұр-Сұлтан қаласында болып, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына қатысты.

Аудан ардагерлері облыс көлемінде өтетін ауданаралық семинар-жарыстарға қатысып, Меркі, Шу, Жуалы, Мойынқұм аудандарында өткен «Қымызмұрындық», «Қызғалдақ» сияқты мерекелерге қатысып қайтты.

Ардагерлер спорттық жарыстарға да белсенді түрде араласады. Мысалы, волейбол, бильярд, шахмат, дойбы, теннис, асық ату, тоғызқұмалақ сияқты ойындардан спартакиадалар да ұйымдастырылып келеді.

Әр түрлі мерекелік даталар, мейрамдар және де мерейтойларда ешбір қарт елеусіз қалмайды. Оларға әрдайым сый-сияпат көрсетіліп, мамандар құттықтап отырады. Ең бастысы – ардагерлер ауданның қоғамдық өміріне белсене араласады.

«Аудан көлемінде өтетін аудандық іс-шаралар, мерекелер аудан ардагерлерінің тікелей қатысуымен өтіп жүр. Бір де бір іс-шара ардагерлердің қатысуынсыз өтпеген. Жыл сайын ауданымызда жаңадан 5-6 балабақша, 3-4 медпункт, дәрігерлік амбулаториялар, жаңа мектептер ашылып жатыр. Осының бәрінің басы-қасында ардагерлер жүреді. Өңірдегі діни ахуалды тұрақтандыру бойынша «Дін мен дәстүр сабақтастығы»  туралы кездесулер әр ауылдық округтерде өтіп тұрды. Осындай кездесулерге президиум мүшелері бекітілген тізбе бойынша қатысып, ардагерлер мен жастар арасында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында аудандық ардагерлер көпұлтты аудан тұрғындары арасында халықтар достастығы, бірлік, татулық туралы үлкен жұмыстар атқарды. Дөңгелек үстелдер, жиындар өткізіліп, елді татулыққа, бірлікке шақырды. Ардагерлер кеңесі жанынан құрылған мәдениет, жастар, дін, ҰОС, тыл ардагерлерімен, Ауған соғысы, білім, денсаулық сақтау, әйелдер ісі және әлеуметтік сала жөніндегі тұрақты комиссиялар, «Билер кеңесі», «Аналар алқасы», «Әкелер кеңесі» сияқты қоғамдық ұйымдар белсенді түрде жұмыс атқаруда. «Билер кеңесі» тұрғындар арасында орын алатын дау-дамайлардың, жас отбасылар арасындағы ажырасу мәселелерінің оң шешілуіне ықпал етіп, аудандық сот судьяларымен бірлесе дауларды сотқа жеткізбеу, татуластыру бойынша үлкен іс атқарып келеді. Осының арқасында көптеген жастар қайта жарасып, отбасын сақтап қалды», — деген Біржан Әлімбет ардагерлерге көмек көрсетіп, қолдап жүрген, демеушілік жасаған барлық азаматтарға және мекемелерге үлкен алғысын айтты.

Бес жылдық жұмысты қамтыған ауқымды баяндамадан кейін сөз тексеру комиссиясының төрағасы Нұржан Молдабековке берілді. Өз кезегінде Нұржан Смағұлұлы ұйымның жұмысын, қаржылық есеп-қисабын тексеру қорытындысын назарға ұсынып, тексеру барысында ешқандай құқық бұзушылық анықталмағанын алға тартты. Осыдан кейін жарыссөзге жазылған Төле Сүгірбай, Тұрған Жасыбаев, Әбдібек Сейілханов, Валерий Сергеев және Сейсембай Сайбиров кезекпен мінберге көтеріліп, өз ойларын ортаға салып, Біржан Әлімбеттің жұмысына оң бағасын берді.

Жиын соңында конференцияның қаулы жобасы қабылданып, аудандық ардагерлер кеңесінің Пленум мүшелері, кеңес мүшелері, Президиум мүшелері, тексеру комиссиясының мүшелері және облыстық конференцияға делегаттар сайланды. Осылайша, Пленум мүшесіне – 38 адам, кеңес мүшесіне – 30 адам, Президиум мүшесіне – 11 адам, тексеру комиссиясына – 3 адамның тізімі ұсынылып, бірауыздан мақұлданды. Басқосу соңында облыстық ардагерлер кеңесінің Пленум мүшесі Амангелді Садыханов ардагерлер қозғалысына белсенді қатысқаны үшін «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық Бірлестігінің «Құрмет Белгісі» төсбелгісімен Тамара Гранкинаны марапаттады.

Ал, Біржан Әлімбет аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы болып қайта сайланды.

 

Еркін ҚАТБЕКОВ

 

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.