Қастерлі мереке қарсаңында аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай бірқатар тыл ардагерлерінің шаңырағына арнайы барып, мерекелерімен құттықтады. Ең алдымен Күлсара Абдрахимованың үйінде болып, тыл ардагеріне аудан әкімі Бегзат Болатбековтың құттықтауын, естелік сыйлық пен гүл шоғын табыстады. 91 жасар кейуана ақжарма тілегін жолдап, елге тыныштық тіледі.
Осыдан кейін Дамира Маратқызы Қарасу ауылының тұрғыны Күлмария Сулееваның, Қаракемер ауылында тұратын тыл ардагері Самар Ақшабаеваның үйіне арнайы барды. Самай шашы ағарған екі ана да жастайынан еңбекке араласып, соғыс жылдарын бастан кешірген жандар. Тыл ардагерлеріне аудан әкімінің құттықтауын жеткізген Дамира Сүгірбай ақжаулықты аналарға денсаулық тілеп, қазыналы қарттарды ардақтау бүгінгі жас ұрпаққа парыз екендігін айтты.
Жеңіс күніне орайластырылған құттықтаулар легі мұнымен толастамады. Бұл күні аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов пен аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұл бірқатар тыл ардагерлерінің үйлерінде болып, мерекелерімен құттықтады. Аудан әкімі Бегзат Болатбековтың құттықтауын жеткізген әкімдік өкілдері тыл ардагерлеріне гүл шоқтары мен естелік сыйлықтарды табыстады. Айта кетейік, аудан әкімінің құттықтауын Н.Абдугалиева, Х.Абышов, З.Адимулдаева, Қ.Ақылқожаев, З.Алдабаева, С.Алимова, К.Балмұханбетова сынды тыл ардагерлері алды.
Мұқағали ақынның: «Неменеге жетістің, бала батыр? Қариялар азайып бара жатыр. Бірі мініп келместің кемесіне, Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр», деген бір ауыз сөзінің мағынасы бүгінде арта түспесе еш кемімек емес. Жыл өткен сайын қатары сиреген қарияларымызға, оның ішінде Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне деген құрметіміз шексіз болуы тиіс…